Сириядағы тұрақсыздықтар туралы не белгілі

АСТАНА. KAZINFORM – Қараша айының соңында Сирияның қарулы топтары үкіметтік күштерге қарсы қуатты шабуылын бастаған еді. Сириядағы қарулы қақтығысты саяси жолмен шешуге бағытталған Астана келісімі бұзылып, Таяу Шығыстан тағы да маза кетті. Осы орайда Kazinform агенттігі Сириядағы қақтығыс бойынша Астана уақытымен сағат 20:00-дегі жағдайға шолу ұсынады.

Сирийская оппозиция объявила Дамаск свободной от режима Асада — Al Jazeera
Фото: Al Jazeera

Шабуылға «Хайят Тахрир аш-Шам» әскерилендірілген исламшыл тобы басшылық жасады. Бұл топ ұзақ жылдарден бері Сирия жанжалына қатысып келеді. Сириядағы азаматтық соғыс жылдарында ол «Джебхат ан-Нусра» деген атаумен (Қазақстанда тыйым салынған ұйым — авт.) танымал болды және «Әл-Каиданың» (бұл ұйымға да елімізде тыйым салынған — авт.) бұрынғы сириялық бөлімшесі саналды.

30 қараша күні олар Сириядағы көлемі жағынан екінші орында тұрған Алеппо қаласының басым бөлігін бақылауға алса, 6 желтоқсанда – Сирияның төртінші үлкен қаласы Хаманы басып алды.

Ал бүгін Сирияның қарулы оппозициясы ел астанасы Дамаскіні жаулап алғанын, ал президент Башар Асад елден қашқанын мәлімдеді.

Бұған дейін Еуропалық Одақтың Сыртқы істер қызметі Сириядағы жағдай бойынша мәлімдеме таратқан еді. 

Қытай да Сириядағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын және елде тұрақтылықтың мүмкіндігінше тезірек қалпына келуіне үміттенетінін жеткізді.

Ал Ресей Сыртқы істер министрлігі Башар Асадтың билікті бейбіт жолмен тапсыратынын айтып, елден кеткенін атап өтті

Өз кезегінде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Голан жоталарындағы бітімгерлердің қауіпсіздігі үшін қажетті шара қабылдап жатыр. Қазақстандық бітімгерлер қызмет ететін БҰҰ-ның Голан жоталарындағы (СОННР) жауапкершілік аймағындағы жағдай шиеленісті, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр.

Бұған дейін Kazinform Башар Асадтың өмірбаянын, Таяу Шығыстың ең күрделі және қақтығысқа толы елдерінің бірін қалай басқарғанын шолып көрді

Соңғы жаңалықтар