Су тасқыны кезінде қап тасыған Пшонның иесі ауылының табиғатын желіде дәріптеп жүр

Фото: видеодан алынған скрин

АТЫРАУ. KAZINFORM — Көктемгі су тасқыны кезінде қап тасыған Пшон атты иттің иесі Зәмзагүл Жаңабаева өзі тұратын ауыл туралы видеоны #Qazalemi хештегімен жариялады. Онда Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылының тыныс-тіршілігі түсірілген.

Естеріңізде болса, көктемгі су тасқыны кезінде Атырауда Пшон атты ит бөгет салуға көмектескен еді. 

Желтоқсанның басында жануарды әлдебіреулер атып өлтіріп кетті. 

Иттің иесі Зәмзагүл Жаңабаева Пшонды күшік кезінен асыраған. Айтуынша, ит мүлде қабаған емес-ті.   

Кейіннен полиция қылмыстық іс қозғады.

Бүгін иттің иесіне қайта оралып соғып отыруымыздың себебі — Зәмзагүл Жаңабаева ауылынан видео түсіріп, конкурсқа қатысып отыр. 

Ол 27 жылдан бері осы ауылда тұрады. Бала күнінен Сарытоғай ауылының атауына қанық болған. Оның үш себебін атады. 

— Бұрын Сарытоғайда тұратын өзге этностың өкілдері көп еді. Әлі де мекен етеді. Бірақ бұрынғыдай көп емес. Бәрі де қазақша сөйлейді. Қазаққа қыз беріп, қазақтан қыз алып, құда болғандары бар. Ауылдың барша тұрғыны бір-бірімен ынтымағы жарасқан, өте тату тұрады. Екіншіден, бұл ауылда 1948 жылдан бері арнайы бақта алманың 17 түрі өсірілген. Алмадан дайындалған үш түрлі өнім еліміздің өзге өңірлеріне, Ресейдің бірнеше облысы мен Татарстан, Башқұртстан республикаларына жіберілген. Екі жыл бұрын шағын саябақ ашылып, алма ағашы егілді. Саябаққа алма бейнеленген мүсін орнатылды. Мүсіннің биіктігі — 3 метр. Оны осы ауылда тұратын ағаш шебері Орынғали Сариев жасаған. Оған ауылдағы орта мектепті 1975, 1985 жылдары бітірген түлектер қолдау білдірген еді. Үшіншіден, мұнда баяғыдан балаларға арналған лагері жұмыс істейді. Жайық өзеніне таяу орналасқан тынығу орнында жазда мектеп оқушылары демалады, — дейді Зәмзагүл Жаңабаева. 

Сарытоғай — Махамбет ауданындағы өзге елді мекендер секілді Жайық өзенінің жағалауында орналасқан ауыл. Бұрын бөлек ауылдық округтің орталығы еді. Қазір Махамбет ауылдық округінің құрамына енген. 

Әр адамның тұратын мекені өзіне ыстық. Әсіресе ауылдағы өмір де, тыныс-тіршілік те у-шуы көп қаладағыдан өзгеше.

Фото: видеодан алынған скрин

— Біріншіден, ауыл — қазақтың алтын бесігі. Сол себептен ауылдарды сақтап қалуға назар аударылуы қажет. Екіншіден, елді мекенде де кәсіп ашуға болады. Ауылымызда кәсіпкерлігін жандандырып отырғандар бар. Әсіресе ұлттық брендімізге айналған шұбат, қымыз секілді сусындарды дайындауға мүмкіндік мол, -дейді ол. 

Ауыл мұғалімі тағы бір деректі бөлісті. Сарытоғай ауылының тұсында Исатай мен Махамбет бастаған топ Жайықтан өткен. 

Фото: видеодан скрин

— Ел азаттығын аңсаған батырларды Құрақ Маябасов деген азамат желтоқсан айында Жайық өзенінен өткізіп жібергені тарихтан белгілі. Батырлардың аттары тайып жығылмау үшін Жайық өзенінде қатқан мұз үстіне киіз, өзге де төсеніш төсеген. Сол жерге ескерткіш белгі орнатылды, — дейді Зәмзагүл Жаңабаева. 

Еске салсақ, елімізде қысқы табиғат көріністерін көрсету үшін конкурс жарияланған болатын. Байқауға кез келген қазақстандық қатыса алады. Шарты да қарапайым: қатысушы әлеуметтік желіде өз парақшасында туған жерінің сұлулығын көрсететін бейнеролик немесе фотосурет салып, #Qazalemi хештегін қоюы тиіс. 

Фото: видеодан скрин