Естеріңізде болса, көктемгі су тасқыны кезінде Атырауда Пшон атты ит бөгет салуға көмектескен еді.
Желтоқсанның басында жануарды әлдебіреулер атып өлтіріп кетті.
Иттің иесі Зәмзагүл Жаңабаева Пшонды күшік кезінен асыраған. Айтуынша, ит мүлде қабаған емес-ті.
Кейіннен полиция қылмыстық іс қозғады.
Бүгін иттің иесіне қайта оралып соғып отыруымыздың себебі — Зәмзагүл Жаңабаева ауылынан видео түсіріп, конкурсқа қатысып отыр.
Ол 27 жылдан бері осы ауылда тұрады. Бала күнінен Сарытоғай ауылының атауына қанық болған. Оның үш себебін атады.
— Бұрын Сарытоғайда тұратын өзге этностың өкілдері көп еді. Әлі де мекен етеді. Бірақ бұрынғыдай көп емес. Бәрі де қазақша сөйлейді. Қазаққа қыз беріп, қазақтан қыз алып, құда болғандары бар. Ауылдың барша тұрғыны бір-бірімен ынтымағы жарасқан, өте тату тұрады. Екіншіден, бұл ауылда 1948 жылдан бері арнайы бақта алманың 17 түрі өсірілген. Алмадан дайындалған үш түрлі өнім еліміздің өзге өңірлеріне, Ресейдің бірнеше облысы мен Татарстан, Башқұртстан республикаларына жіберілген. Екі жыл бұрын шағын саябақ ашылып, алма ағашы егілді. Саябаққа алма бейнеленген мүсін орнатылды. Мүсіннің биіктігі — 3 метр. Оны осы ауылда тұратын ағаш шебері Орынғали Сариев жасаған. Оған ауылдағы орта мектепті 1975, 1985 жылдары бітірген түлектер қолдау білдірген еді. Үшіншіден, мұнда баяғыдан балаларға арналған лагері жұмыс істейді. Жайық өзеніне таяу орналасқан тынығу орнында жазда мектеп оқушылары демалады, — дейді Зәмзагүл Жаңабаева.
Еске салсақ, елімізде қысқы табиғат көріністерін көрсету үшін конкурс жарияланған болатын. Байқауға кез келген қазақстандық қатыса алады. Шарты да қарапайым: қатысушы әлеуметтік желіде өз парақшасында туған жерінің сұлулығын көрсететін бейнеролик немесе фотосурет салып, #Qazalemi хештегін қоюы тиіс.