Тағы төрт боксшымыз Азия чемпионатының жүлдегері атанды

АСТАНА.KAZINFORM - Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр.

Фото: ҚБФ

Тағы төрт боксшымыз Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Бокс федерациясы мәліметінше, олардың екеуі алтын алса, екеуі күміс жүлде иеленді.

Азиза Исина Азия чемпионы атанды. U23 санаты бойынша 70 келідегі Азиза Исина финалда Өзбекстан спортшысы Райхона Курбонбоевамен жолықты. Өте шиеленісті өткен айқаста отандасымыз 3:2 есебімен басым түсті.

U23 санаты бойынша 75 келідегі Шұғыла Нәлібай финалда Үндістан өкілі Мусканмен қолғап түйістірді. Алғашқы минуттан қарқынын жоғарылатқан отандасымыз әр раундты өз еншісіне жазып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (5:0) жеңіске жетті.

Анита Адишева – Азия чемпионатының күміс жүлдегері. U23 санаты бойынша 51 келідегі Анита Адишева финалда Өзбекстан спортшысы Гулсевар Ганиевамен айқас өткізді. 3 раундқа жалғасқан жекпе-жекте төрешілер 1:4 есебімен жеңісті қарсыласқа берді.

Сонымен қатар U23 санаты бойынша 57 келідегі Ұлжан Сәрсенбек финалда Өзбекстан спортшысы Хуморабону Мамажоновамен жолықты. Қос боксшы да шаршы алаңның ортасын бермеуге тырысып, алма-кезек шабуылдармен алмасты. Әйтсе де төрешілер 1:4 есебімен қарсыласты жеңімпаз деп таныды.

Бұған дейін Камила Оспанова Өзбекстан боксшысын жеңіп, Азия чемпионы атанды.

Зарина Толыбай бокстан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

80 келідегі Айдана Убайдуллақызы шешуші сында Үндістан боксшысы Мега Шеокандпен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Гүлназ Бөрібаева Азия чемпионатында алтын медаль иеленді.