Талғарда қала әкімінің сайлауы өтіп жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының Талғар қаласында әкім сайлауы өтіп жатыр. Kazinform агенттігінің фототілшісі қаладағы сайлау учаскелері мен орталық көшелерді аралап, маңызды саяси науқанға қатысты тұрғындардың пікірін біліп қайтты.
Талғарда әкім сайлауы таңғы сағат 7:00-де басталды. Дауыс беру үшін 26 сайлау учаскесі ұйымдастырылды, оның ішінде төртеуі жабық. 42 774 сайлаушының дауыс беру құқығы бар.
Тілшілеріміз бірнеше учаскеге барды. Бәрі талапқа сай жабдықталған. Атап айтар болсақ, қажетті құжаттамалар мен нұсқаулар берілген, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жағдай жасалған. Осыған қарамастан тұрғындардың белсенділігі төмен.
Ең ірі сайлау учаскелерінің бірі (839) № 2 орта мектеп ғимаратында орналасқан, онда 2 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Дауыс бергендердің бірі – 69 жастағы қала тұрғыны Лариса.
– Бүгін мен өз кандидатыма келіп дауыс беруді шештім. Осындай маңызды шараларға үнемі қатысамын. Бұл біздің азаматтық борышымыз деп білемін. Бірақ осы үш кандидаттың біреуін ғана танимын, мен сол кісіге дауыс бердім. Осы сайлаудан кейін қаламыз жақсы жаққа өзгереді деп ойлаймын. Адамдар үлкен өзгерістер күтеді, - деп бөлісті ол.
Талғар қаласының тағы бір тұрғыны Дина үш үміткердің біреуімен ғана таныс екенін, бірақ қала болашағы үшін дұрыс таңдау жасағанына сенімді екенін айтты.
– Мен сайлаудан тыс қалмаймын. Оның алдында мен референдумға да дауыс беруге бардым. Осындай саяси шараларға халық атсалысып, қаланың, елдің дамуына үлес қосуы керек деп есептеймін. Жаңа әкім өз жұмысын адал атқарады деп сенемін. Біз жолдардың жақсы болуын, жаяу жүргіншілер жолын, қала орталығында тәртіпті, бейберекет қозғалыс пен ереже бұзу фактілері болмауын қалаймыз, – дейді Дина.
№7 мектеп-лицей ғимаратында орналасқан №838 сайлау учаскесінде сайлаушылардың төмен қатысуы байқалады. Тіркелген 2993 сайлаушының 14:00-ге дейін небәрі 32-сі ғана дауыс берді. Учаске төрайымы Гүлжазира Жүсіпова азаматтардан үйден дауыс беруге өтініш түспегенін айтты. Дегенмен, ол түстен кейін сайлаушылардың белсенділігі арта түсетініне сенім білдірді.
Қалада 65 жылдан бері тұрып жатқан Алла есімді зейнеткер Талғардың дамуына шын көңілмен қамқорлық жасайтын әкім қажет деген пікірін білдірді. Ол аймақта азық-түлік бағасының қымбаттап жатқанын, ал жолдардың жай-күйі көп күттірмейтінін мәселе екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол қалада саябақтар мен скверлердің әлі де жетіспейтінін жетікзді. Қазан айында жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен кейін көптеген тұрғын өз қауіпсіздігіне алаңдай бастағанын атап өтті. Сондықтан ол ең алдымен қалада тәртіп болуы керек деп санайды.
№1 орта мектепте орналасқан № 824 сайлау учаскесінде 1946 сайлаушы тіркелген. Олардың төртеуі өз үйінен дауыс беруге ниет білдірді.
Сайлау учаскесінің төрағасы Әлия Өскенбаева түске қарай 30 адам дауыс бергенін айтты.
Оның сөзінше, бұл қаладағы бірінші әкім сайлауы емес – бұған дейін тұрғындар үлкен белсенділік танытқан, әсіресе, референдумда тіркелген сайлаушылардың жартысынан астамы қатысқан. Дегенмен, бұл жолы сайлаушылардың қатысуы төмен.
Өскенбаева мұны демалыс және мереке күндерімен байланыстырып отыр. Ол күннің соңына дейін сайлаушылар саны көбейетініне сенім білдірді.
Kazinform агенттігінің тілшілері қала орталығына барып, тұрғындардың көңіл - күйі мен жағдайды бақылап көрді. Базар аймағында қарбалас, көлік кептелісі байқалады.Тұрғындардың Жаңа жылға белсенді түрде дайындалып жатқаны көрініп тұр. Аудан әкімдігі ғимаратының жанына үлкен шырша орнатылып жатыр.
Әкім сайлауына қатысты тұрғындардың пікірін білу үшін оларды әңгімеге тарттық. Кейбіреулер бүгінгі сайлаудан мүлде бейхабар болып шықты.Тіпті, кандидаттар туралы да ештеңе білмейді екен. Алайда, 2020 жылы пневмониядан қайтыс болған әкім Жолан Омаровтың тұсында қалада айтарлықтай өзгерістер болғанын жұрт еске алды.
Осыған қарамастан, қала тұрғындары жаңа басшылық келсе, жағдай жақсарады деген үмітте. Олардың негізгі тілектері жолдарды жөндеу, аудандық ауруханадағы қызмет көрсету сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлықты азайтып, қауіпсіздікті күшейтуге қатысты. Соңғы сұрақ әсіресе кадрлық ауыс-түйістерге әкеліп соқтырған Шерзат Полаттың атышулы өлтірілуінен кейін өзекті болып отыр.
– Біз, әрине, жақсы өмір сүргіміз келеді, қаламыз көркейе берсін, - дейді тұрғындар.
Талғар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Батталғазиевтің айтуынша, қалада 26 сайлау учаскесі ұйымдастырылған, оның төртеуі жабық. Олар аудандық орталық ауруханада, туберкулезге қарсы диспансерде, облыстық наркологиялық диспансерде және уақытша ұстау изоляторында орналасқан. Талғарда барлығы 42 774 сайлаушы тіркелген.
Еске салайық, тізімде үш кандидат бар.
«Талғар тұрғын үй» ЖШС-нің басшысы,1983 жылы туған Арыстанбек Абихаирұлы «Amanat» партиясы атынан ұсынылып отыр.
Екінші кандидат – Жәнібек Каденов. 1991 жылы туған. Ол «Талғар ауданы әкімінің аппараты» ММ-нің қаржы-шаруашылық бөлімінде бас маман болып жұмыс істейді. Оны Қазақстан халықтық партиясы ұсынған.
Соңғы үміткер – Әлібек Рамазанов. Ол өзін-өзі ұсынған. Ол Бесағаш ауылдық округінің аппарат мемлекеттік мекемесінде әкімнің орынбасары болып қызмет етеді.
Осыған дейін Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылғаны туралы жазған едік.
Айта кетейік, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам мерт болды.
Бұған дейін, Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы қала әкімінің сайлау күнін 15 желтоқсанға белгілеген болатын.