Түркия Қазақстанмен сауда көлемін 15 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр

АНКАРА. KAZINFORM — Режеп Тайип Ердоған Қазақстанмен тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізуді көздейтінін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Түркия Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты және бауырлас қазақ халқын Республика күнімен құттықтады. Режеп Тайип Ердоған жақында Анкарада қазақ мемлекеттілігінің тарихына арналған «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері өткенін айтты. Бұдан бөлек, «Наурыз — түркі әлемінің ортақ мұрасы» кітабы қазақ тіліне аударылды.

— Биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапарым барысында бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойдық. Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысында өзара қарым-қатынасты нақты қадамдармен бекіте түсеміз. Біз тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниеттіміз, — деді Түрік елінің басшысы.

Келіссөз барысында екі ел басшылары көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Еске салсақ, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары басталды.

Президент пен Режеп Тайип Ердоған әуежай залында аз-кем әңгімелесті.

Түркия Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді.

Президент Түркия — Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі екенін айтты.