Венесуэла президенті Мадуро елінің егемендігін қорғауға дайын екенін мәлімдеді

Фото: independent.co.uk

АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэла президенті Николас Мадуро бейбіт жолмен реттеуге ұмтылатынына қарамастан, елдің өз егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы агенттігі ТАСС хабарлады.

Бұл жөнінде оның Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінің басшыларына, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге жолдаған үндеуінде айтылған.

Президенттің үндеуін ұлттық Venezolana de Televisión телеарнасының эфирінде Венесуэланың сыртқы істер министрі Иван Хиль Пинто оқып берді. Құжатта Каракас қолданыстағы заңнама аясында өзінің ұлттық мүдделері мен табиғи ресурстарын қорғауға ниетті екені атап өтілген.

Мадуро АҚШ-ты Венесуэлаға қысымды күшейтті деп айыптап, оның айтуынша, америкалық қарулы күштер Кариб теңізінде және Тынық мұхитының шығыс бөлігінде азаматтық кемелерге 28 рет шабуыл жасаған. Ол бұл әрекеттердің салдарынан 104 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Сонымен қатар Мадуро Венесуэланың Вашингтон тарапынан әскери қысымды ақтайтындай ешқандай әрекет жасамағанын атап өтті.

Сондай-ақ ол АҚШ-тың халықаралық суларда венесуэлалық мұнай тиелген екі танкерді басып алғанын және энергия ресурстарын жеткізуге қатысты іс жүзінде теңіз блокадасын жариялағанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл халықаралық құқық шеңберінен шығатын жүйелі түрде күш қолдану әрекеттеріне жатады.

Мадуро венесуэлалық мұнай тасымалының бұғатталуы әлемдік энергетикалық нарықтарға, сондай-ақ Латын Америкасы мен Кариб өңірі елдеріндегі экономикалық жағдайға теріс әсер етуі мүмкін екенін айтты. Ол энергетикалық ресурстарды саяси қысым немесе әскери қақтығыс құралы ретінде пайдалануға болмайтынын атап өтті.

Еске салайық, АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроның отбасы мүшелерін қоса алғанда, жеті адамға қатысты бірқатар санкция енгізген.

Бұған дейін америкалық әскери күштер Венесуэла жағалауында мұнай тиеген Skipper танкерін басып алған еді. 17 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға және Венесуэладан қатынайтын, санкцияға іліккен барлық мұнай танкерлеріне толық блокада енгізді. Алайда Венесуэла Трамптың блокада туралы мәлімдемесіне қарамастан, мұнай саудасын жалғастыратынын хабарлады.

Ал Венесуэла БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төтенше отырысын өткізуді сұрады.