Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 4 829 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэладағы жойқын жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 4 829 адамға жетті, деп хабарлайды Reuters .

Фото: Анадолы

Бұл туралы елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес сәрсенбі күні жаңартылған мәліметтерді жариялап мәлімдеді.

Биліктің ақпаратына сәйкес, 24 маусымдағы жер сілкіністерінен зардап шеккендер саны өзгеріссіз қалып, 16 740 адамды құрап отыр. Сонымен қатар табиғи апат салдарынан 17 907 тұрғын әлі күнге дейін баспанасыз қалған.

Еске салсақ, Венесуэлада болған күшті жер сілкінісі Каракас қаласындағы көптеген тұрғын үйді қиратты.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Кариб теңізі жағалауындағы Морон елді мекенінің батысында, Каракастан шамамен 168 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 13 шақырым тереңдікте болған.

1 шілдеде Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес жер сілкінісі құрбандарын аза тұту үшін елде жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.

Сондай-ақ Қытай Венесуэлаға алғашқы гуманитарлық көмек партиясын жіберді.

Бұған дейін Венесуэлада жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 4,7 мыңнан асқаны хабарланған еді.