Жангелдин ісі: бақташы марқұмдардың малын күніне 3 мың теңгеге баққан

АТЫРАУ.KAZINFORM - 2025 жылы 9 қараша күні Наурыз Мұқанғалиевтен ауыл тұрғыны Дархан Бақытовтың телефонына мал бағу туралы ұсыныс келген. Тараптар жазбаша хабарлама жазып сөйлесіп, күніне 3 мың теңгеге келіскен.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

- Күнделікті жұмысыма ақшаны Мақсот Қарабалинның Kaspi Gold-ы арқылы аударып отырды. Қараша айының ортасында оған Наурыздан мал сату керектігі туралы айтылып, сатып алатын азаматтар келе бастады. Мен оларға қорадағы малды көрсеттім, - деді малшы, ауыл тұрғыны Дархан Бақытов.

Жалпы куә марқұмдардың малын екі жарым айға жуық қараған. Мал бағу ақысын күн сайын болмаса да сұраған кезде беріп отырған. Кейін малшының еңбегіне бір сиыр беремін деп келіскен. 

Мал сатып жатқан кезде марқұмдардың туысы келіп, бұл істе бір шикілік барын айтып, малды ешкімге бермеуді тапсырады.

- Наурыз үй үлкендері Ташкентте ем алып жатыр деді. Мен сол ақпаратқа сендім. Ешқандай күмән туындаған жоқ, - деп толықтырды куә өз сөзінде.

Куәнің айтуынша, құрал-саймандардан ешқандай белгі байқалмаған. Олар үй маңында шоланда тұрған.

- Малды бағып жүрген кезде үй мен сарайға кірмедім. Жылыту пеші тұрған жерден үйдің кілтін байқамадым, - деді Дархан Бақытов.

Тараптар алғашында 1 айға келіскен. Алайда Наурыз Мұқанғалиев хабарлама арқылы әке-шешесінің жуықта келмейтінін айтып, әзірге қарай беруді сұраған. Дархан Бақытов пен Наурыз Мұқанғалиев бұрын араласқан. Куәнің айтуынша, Наурыз намаз оқыған.

Бүгінгі сот отырысында Жангелдин ауылы халқының малын бағатын бақташы да куәлік етті. Ол марқұмдарды ауыл тұрғыны ретінде танитынын айтты. Бақташы тұрғындардың ірі қарасын көктемнен күзге дейір бағып берген. Сәуір айында оған Мақсот Қарабалин 4 сиырын сеніп тапсырған. Соңғы төлемді қазан айында жасапты.

- 25 қарашада 4 бас сиырды әкелдім. Мақсот ағаға телефон соққанда көтермеді. Үйге келгенде ешкім болмады. Малын қамап кеттім, - деді бақташы.

Қараша айында бұл отбасыдан ешкім хабарласпаған. Қараша айына төлем жасалмапты.

Екі куә де Наурыз Мұқанғалиевпен тек What’s App қосымшасы арқылы хабарлама жазып сөйлескен. Аудио қоңырау арқылы байланыспаған.

Бұған дейінгі отырыста Атырау қаласында екі мүрде табылған үйдің иесінен жалдау ақысы бейтаныс адамнан түсіп отырғаны белгілі болды.

Жалпы сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің 2 адвокаты болған. Қазір Сұлтан Сарсемалиевті біреуі қорғап жатыр. Адвокат Асан Жұмабаев сотталушыны қазір кінәлі деп айтуға ерте екенін мәлімдеген еді.

Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың біріне жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан. Куә сол кезде Сұлтан Сарсемалиевтің қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты екенін айтқан.

Бұған дейін негізгі сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.

Қылмыстық іске Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина төрелік етуде.

18 мамыр күні алдын ала сот отырысы өтті.

Сол кезде Сұлтан Сарсемалиев істі алқа билерге беруден бас тартты.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты.

Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған.

Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал. Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды

Бұған дейін марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.

9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.

Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.

Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.

Ақпае айының соңында күдікті мен марқұмдардың жақыны есептелетін Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталды.

Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.

Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.

Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген

Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.

Ол сот санкциясымен 2 айға қамауға алынған еді.

Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.