«Ата-анам ауылда». «Кеше ағам Наурызбен сөйлестім». «Туған жерім – Қызылқоға ауданы, Жангелдин ауылы». «Білімім – орта». «Соңғы тұрған жерім – Мұнайшы ықшамауданы». Мұндай ақпаратты күдікті Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі, марқұмдардың жақыны Ақбаян Мұқанғалиева Атырауға жеткізілген кезде тергеу барысында айтқан.
Дегенмен ол нақты мекенжайына, елге қашан оралғанына, тергеудің қай күні өтіп жатқанына қатысты сұрақтарға жауап бере алмады.
- Тергеуді әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік жоқ. Себебі, ақпараттық жүйе бойынша бұл азамат психиатрлық диспансердің есебінде тұрғаны нақтыланды,-деген тергеу кезінде тергеуші.
Бұл диалог кезекті сот отырысында көрсетілді. Видеолардың арасында Сұлтан Сарсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның қаладағы «Мұнайшы» ықшамауданында жалдап тұрған үй маңын тексеру кезі де бар. Аталған видеодан үйге жақын аумақта, теміржол бойынша қамыстардың арасында жатқан ер адамның киімдері, қан дақтары бар кілем мен Сұлтан Сарсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның неке және балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмесі, кішкентайлардың денсаулық жағдайлары туралы анықтамалар салынған сөмке табылды.
Видеолардың қарау кезінде өткен жылдың 9 желтоқсанында кешкілік уақытта күдікті мен Ақбаян Мұқанғалиеваның Қапланбек өткізу бекеті арқылы шекарадан өтіп кеткені белгілі болды.
Бұған дейін сотта күдіктінің енесінің алтындарын ломбардқа өткізген көрсетілді.
Жангелдин ауылында бақташы марқұмдардың малын күніне 3 мың теңгеге баққан.
Өткен сот отырыстарының бірінде Атырау қаласында екі мүрде табылған үйдің иесіне жалдау ақысы бейтаныс адамнан түсіп отырғаны белгілі болды.
Жалпы сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің 2 адвокаты болған. Қазір Сұлтан Сарсемалиевті біреуі қорғап жатыр. Адвокат Асан Жұмабаев сотталушыны қазір кінәлі деп айтуға ерте екенін мәлімдеген еді.
Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың біріне жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан. Куә сол кезде Сұлтан Сарсемалиевтің қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты екенін айтқан.
Бұған дейін негізгі сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.
Қылмыстық іске Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина төрелік етуде.
18 мамыр күні алдын ала сот отырысы өтті.
Сол кезде Сұлтан Сарсемалиев істі алқа билерге беруден бас тартты.
Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.
Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған.
Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал. Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды.
Марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды. ндай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.
Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.
Ақпан айының соңында күдікті мен марқұмдардың жақыны есептелетін Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталды.
Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.
Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.
Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.
Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.
Ол сот санкциясымен 2 айға қамауға алынған еді.
Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.