«Жайлы мектептердің» ақшасына көптеген арзан мектеп салуға не кедергі – «Samruk-Kazyna Construction» жауабы

АСТАНА. KAZINFORM –  «Жайлы мектептерге» жұмсалып жатқан миллиардтаған ақшаға одан арзан көптеген мектеп салуға болмас па еді? «Samruk-Kazyna» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысынан кейін компания басшысына осындай сұрақ қойылды.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Мәулен Айманбетов бұған мектептің санынан сапасы маңызды деген уәж айтты.

«Біздің 1200 орындық мектептер пайдалы аумағы жағынан тіпті 2,7 пайыз арзан шығады. Ал техникалық жабдықталуы екі есе жоғары. Тіпті Binom мектептерімен салыстырғанның өзінде біздің мектептер ең заманауи, жайлы болып тұр. «Жайлы мектепті» қымбатқа салғанша арзан, дәретханасы сыртында орналасқан мектептерді көбірек салу керек еді дегенге келсек, бізге нақты таңдау керек. Бізге сапалы білім керек пе әлде мектептің саны керек пе? Біздің мектептердің ауылдағысының қаладағысынан айырмасы жоқ. Осыған ұмтылуымыз керек. Мұндай мектептер еш жерде жоқ деуге болады», - деді ол.

Оқу ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 2,6 трлн теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде Ұлттық қордан 646 млрд теңге, республикалық бюджеттен 1,9 трлн теңге беріледі.