Жібек алғашқы айналымда әлемнің 282-ракеткасы, жапониялық Мэй Ямагутимен шеберлік байқасты.
Бұл қос теннисшінің қатарынан өзара екінші кездесуі еді. Мұның алдында іріктеу сайысының финалында Жібек тартысты бәсекеде жапониялық спортшыны 3:6, 6:3, 7:6 (7:4) есебімен ұтқан еді.
Жеребеге сәйкес Ж.Құламбаева мен М.Ямагутидің негізгі жарыста жолдары қайта тоқайласты.
Бұл жолы Жібек бірінші партияда 6:4 есебімен басымдық танытты.
Екінші сетте де қазақстандық спортшының мерейі үстем болды – 7:5.
Екі сағатқа созылған матчта Құламбаева эйс жасамағанымен, 10 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жазды. Ямагути 5 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Ченнай додасында М.Ямагутиді екі рет қапы қалдырған Жібек Құламбаева ширек финалға шығу үшін әлемнің 160-ракеткасы, тағы бір жапониялық Маи Хонтамамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирде қарсыласын камбэкпен жеңгенін жазған едік.
Сондай-ақ жас теннисшілер Ақтөбеде халықаралық турнирде үш чемпиондық атақты жеңіп алды.