Каспий теңізі тартылып, флорасы мен фаунасы ластанып жатыр - БҰҰ
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесі өзекті болып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің аймақтағы су тапшылығынан трансшекаралық өзендер бассейнінде күрделі экономикалық және басқа да мәселелер туындап отыр. Мұндай жағдай бүкіл әлемде байқалады. 2040 жылға қарай суға жаһандық сұраныс ұсыныстан 40 пайызға асып кетуі мүмкін. Сондықтан біз климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралармен бірге осы бір маңызды жаһандық мәселені шешу үшін саяси күш-жігеріміз бен экономикалық ресурсымызды жұмылдыруымыз керек. Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етеді. Біз қоршаған ортаның одан әрі тозуына жол бермеу және бір кездері планетамыздағы аумағы жөнінен төртінші орында тұрған көлдің айналасындағы тіршілікке кері әсерін болдырмау жұмыстарын жалғастырамыз», - деді Президент.
Аталған мәселені көтере келе Мемлекет басшысы Каспий теңізінің бүгінгі ахуалын баяндады.
«Қазір әлемдегі ең ірі көл – Каспий теңізі де суының тартылуы, су арналарының бұрылуы, флорасы мен фаунасының ластануы сияқты экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Каспий теңізін құтқару мәселесі ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты қажет ететін ортақ басымдыққа айналуы керек», - деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса Мемлекет басшысы БҰҰ залына жиналған мемлекет басшылары адамзаттың болашағына жауапты екенін баса айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдайларға қарамастан біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатқанын атап өтті.