Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді биыл қандай сынақ күтіп тұр
АСТАНА. KAZINFORM – 1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді іріктеу басталады. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай БАҚ өкілдеріне биылғы іріктеу қалай өтетінін айтты.

Агенттік басшысының айтуынша, іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүргізіледі. Олар:
- инфрақұрылым;
- өнеркәсіп және сауда саясаты;
- агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта;
- сыртқы саясат және инвестициялар;
- экономикалық және қаржылық саясат;
- цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Кандидат алғаш тіркелгенде аталған салалық бағыттардың бірін таңдауы қажет.
Биыл осы 6 бағыттың әрқайсысында кандидаттардың саны біркелкі болу үшін іріктеудің әрбір кезеңінде пропорционалды екшеу өткізу жоспарланып отыр. Дархан Жазықбай биылғы іріктеудің басты ерекшелігі осы екенін айтады.
- Резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізіледі. Бұл әдіс салалар арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, нақты бағыттар бойынша үміткерлерді іріктеуді қамтамасыз етеді, - деді ол.
Дархан Жазықбайдың сөзіне қарағанда, үміткерлерге қойылатын талаптар өзгеріссіз қалып отыр. Демек іріктеуге:
- жасы 35-тен аспаған;
- жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар;
- мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес дәрежеде меңгерген;
- Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Резерв мүшесі болу үшін үміткер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуге тиіс.
Бірінші кезеңдегі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға арналған тестік сынақ прокторинг жүйесімен, аудио және бейнефиксация сүйемелдеуімен өтеді.
- Осылайша әділдік пен ашықтық қамтамасыз етіледі. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жинаған кандидаттардың 50%-ы жіберіледі, - дейді агенттік төрағасы.
Екінші ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңінде кандидаттар өзі таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проблемаларды шешу қабілетін паш етуі керек. Бұл кезең онлайн-режимде эссе жазу форматында өтеді.
Үшінші кезең үміткердің психологиялық, кәсіби ерекшеліктерін анықтап, адам әлеуетін бағалауға арналған. Бұл ассессмент сынағы оффлайн форматта, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында өтеді. Мұнда үміткерлер топтық және жеке тапсырмалар орындайды.
Төртінші кезеңде кәсіби HR-менеджерлер үміткерлермен онлайн форматта жеке сұхбат өткізеді.
Бесінші кезеңде сарапшылар комиссиясы үміткерлермен сұхбаттасу түрінде әңгімелесу өткізеді. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысына 100-ден аспайтын кандидаттар тізімі ұсынылады.
Алтыншы кезеңде ұлттық комиссия солардың ішінен үздік 50 кандидатты іріктеп, олар Президенттік жастар кадр резервіне қабылданады.
Іріктеу ашық әрі әділ өту үшін кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетіне жіберіліп, әр кезеңнің қорытындысы ресми сайтта жарияланады.
Дархан Жазықбай ел мүддесіне қызмет етемін деген белсенді жас азаматтарды Президенттік жастар кадр резервіне қатысуға шақырды.
- Білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуының басты қозғаушы күші. Жастардың білімін, әлеуеті мен күш-жігерін ел игілігі үшін тиімді пайдалану, қоғамдық мүдделерге негізделген кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыру – Агенттік жұмысының басты бағыттарының бірі, - деді агенттік басшысы.
Құжаттарды қабылдау – 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн режимде іске асады. Іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір арқылы жасырылады. Осылайша бағалаушылар үміткердің кім екенін білместен, нөмір бойынша саралап, бағалайды.
Агенттік төрағасының айтуынша, 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге 60 мыңнан астам қазақстандық қызығушылық танытып, соның ішінен 400 адам қабылданған.
- Бүгінде олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайындалып, экономиканың түрлі салаларында еліміздің дамуына өз үлестерін қосып отыр. Атап айтқанда, 167-сі орталық мемлекеттік органдарда, 37-сі жергілікті атқарушы органдарда, 62-сі ұлттық компанияларда, 52-сі өзге ұйымдарда қызмет істеп жүр. Сондай-ақ, резервке алынған 39 маман саяси лауазымдарда, 3 адам «А» корпусының лауазымдарында жұмыс істейді. 2 Мәжіліс депутаты, 1 бір мәслихат депутаты бар, - деді Дархан Жазықбай.
Еске салсақ, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталғанын жазған едік.