10 айда өңдеу өнеркәсібінде 24 трлн теңгенің өнімі шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 10 айда өңдеу өнеркәсібінде 24 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты. 

Ерсайын Нағаспаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Өңдеу өнеркәсібінде соңғы жылдары қалыптасқан оң даму динамикасы биыл да өз жалғасын тауып жатыр. 10 айдың қорытындысы бойынша металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдар өндірісінде оң динамика есебінен өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8 пайызға өсті. Өңдеу көлеміне іске қосылған жобалар өз үлесін қосып жатыр. Биылға жоспарланған жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаның 147-і іске қосылды. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, — деді министр.

Оның айтуынша, іске қосылған жобалардың қатарында қытайлық Chery, Changan, Haval, Tank брендтерінің жеңіл автокөліктерін шығаратын, тамақ өнеркәсібіне арналған алюминийден жасалған қаптамалар, тұрмыстық техника, болат құбырлар және тоқыма материалдарын өндіретін ірі жобалар бар.

— Аталған жобалар толық өндірістік қуатына шыққан кезде өңдеу көлемі жылына қосымша 2,3 трлн теңгеге артады. Бүгінде саланы дамыту келесі негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Олар — қаржының қолжетімділігі; шикізатты жеңілдетілген бағамен қамтамасыз ету; өнеркәсіптік инфрақұрылым тарту және өнім өткізуді қолдау, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Айта кетейік, Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралып жатыр

Соңғы жаңалықтар