12 қазақстандық қарызының көптігінен суицид жасаған
Несиесін төлей алмаған қазақстандықтар өз-өзіне қол салып, түрлі қылмыстар жасауға мәжбүр болуда. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Парламентте айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Айтуынша, тым көп несие алу және оны төлей алмаудың кесірінен қарыз алушылардың өзін-өзі өлтіруі ғана емес, қылмысқа бару фактілері де орын алуда.
«Биыл несие алған 12 азамат өз-өзіне қол салды. Несие өтеу үшін қажетті ақшаны «табу» мақсатында тым көп несие алған басқа 40 азамат тонау, қарақшылық және ұрлық секілді түрлі қылмыстар жасаған», - деді Игорь Лепеха бүгінгі парламенттік тыңдауда.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржы сауаттылығын арттыру» тақырыбында Парламент тыңдауы өтті.
Бұған дейін Игорь Лепеха киберқылмысқа қарсы тұру үшін барлық өңірлерде «CyberPol» мамандандырылған жедел тергеу топтары құрылғанын, жәбірленушілерге «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетілетінін айтқан еді.
Сондай-ақ министр орынбасары шетелдік алаяқтардың қоңыраулары бұғатталғанын, алайда қазақстандықтардың өздері аздаған сыйақы үшін оларға жәрдем беріп отырғанын айтты.
Алдағы уақытта қазақстандықтар SIM-картаны тіркеуде биометриядан өтуге міндеттелетіні де белгілі болды.