12 жылға дейін қамау: Қазақстанда медқызметкерлерге шабуыл жасағандарға жаза күшейеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда медициналық қызметкерлерге шабуыл жасағандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов айтты.
– Жалпы Қылмыстық кодекс нормаларын қарасақ, жеңіл зиян келтіру, соққы беру жағдайларында 25-50 тәулік, ал айыппұл бойынша шамамен 200 АЕК (786 мың теңге) қарастырылған. Енді, егер субъект ретінде медицина қызметкері – дәрігер, медбике, санитар немесе тіпті жедел жәрдем жүргізушісі қарастырылса, жаза үш жылға дейін созылады, 1000 АЕК-ке дейін айыппұл (3 692 000 теңге), 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту болып өзгереді. Яғни субъект медициналық қызметкер болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейеді, – деді депутат Мәжілісте берген сұхбатында.
Денсаулыққа орташа немесе ауыр зиян келтірілген жағдайда жаза қатаңдайды, бұл үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бұл өзгерістер медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Айта кетейік, елімізде жедел жәрдем фельшерлеріне қол көтеру, оқ ату, балағаттау жағдайлары жиілеп кетті.
Президент те медицина қызметкерлеріне күш көрсеткені үшін жазаны күшейтуді тапсырды.
Енді медицина мамандарын дөрекі науқастардан қорғайтын видеожетондар әзірленіп жатыр.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.