2025 жылы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы толық шешіледі

«Бүгінде елімізде 7600-ден астам мектеп бар. Соның ішінде апатты жағдайдағы мектептер проблемасы да шешіліп жатыр. Қазір апатты жағдайдағы 30-ға жуық мектеп бар. Олардың орнына жаңа мектеп салу жұмысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, өткен жылы 277 жаңа мектеп ашылса, биыл 260-қа жуық мектеп қолданысқа беріледі. Өздеріңіз білетіндей, Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін 1 мың мектеп салу міндеті тұр», - деді Асхат Аймағамбетов елордадағы №86 мектеп-гимназияда өткен алғашқы қоңырау салтанатты шарасы барысында.
Оның айтуынша, министрліктің мақсаты – апатты жағдайдағы мектептерді мүмкіндігінше ертерек анықтап, оны жаңаға ауыстыру.
«2025 жылға дейін 1 мың мектепті салу арқылы елімізде толығымен үшауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы шешілетін болады. Апатты жағдайдағы мектептер бойынша біз жыл сайын тексеріс жүргізіп, анықтап отырамыз», - дейді ол.
Бұған дейін оқу-ағарту министрі халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған оқушылардың ЖОО-ға тегін түсу мүмкіндігінің берілетіні туралы мәлім еткен еді.
Айта кетейік, бүгін білім күніне орай Асхат Аймағамбетов елордадағы №86 мектеп-гимназиясында алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысты.