2026 жылы мемлекеттік қызметшілер жұмысқа тек қана онлайн қабылданады

АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер жұмысқа тек онлайн қабылданады. «E-Qyzmet» және «Бірыңғай кадр жүйесі» порталдары іріктеуде ашықтықты қамтамасыз етіп, адами факторға жол бермейді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтуынша, мемлекеттік қызметке онлайн қабылдау екі жыл бұрын пилоттық режимде басталған.

— Біз 2023 жылы «E-Qyzmet» порталында мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа онлайн қабылдауды бастадық. Енді 2026 жылдан бастап, барлық тәртіп пен заңды өзгерте отырып, мемлекеттік қызметке тек қана онлайн қабылдаймыз. Бұл біздің цифрландырудағы алғашқы қадамдарымыздың бірі, — деді Д.Жазықбай агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ, келер жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы Парламентке ұсынылады. Онда іріктеу, цифрландыру, жасанды интеллектті қолдану секілді жаңашылдықтар болады.

— Қазір «E-Qyzmet» порталында мемлекеттік қызметшілерді біліктілігіне, біліміне қарай жасақтау бойынша жасанды интеллектіні енгізіп жатырмыз. Олардың атқаратын лауазымдарына, нұсқаулықтарына жасанды интеллектіні кіргізіп, олардың қаншалықты жүктемесі барын анықтау жұмыстарын жоба ретінде бастадық. Мұның бәріне 2026 жылы қадам басамыз, — дейді агенттік төрағасы.

Мұның бәрі жастарды мемлекеттік қызметке қызықтыру үшін жасалып отыр. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметте 7 мың бос орын бар. Оған қоса 567 адам жеке сектордан келіп, түрлі басқарушы лауазымдарға тағайындалған.

— Біздің мақсатымыз – білікті, білімді мамандарды мемлекеттік қызметке әкелу. Өзінің білімін, тәжірибесін және біліктілігін көрсететін азаматтар елге қызмет етуі үшін меритократия қағидаларын енгіздік. 2019 жылдан бастап, Президенттік жастар кадрлық резерві қалыптасты. Қазір 300-ден астам резервшілер түрлі салада жауапты лауазымдарда қызмет атқарып жатыр. Бұдан басқа өңірлік жастар кадр резервін құрдық. Онда да 500-ге жуық жас бар. Қазір грантпен оқып жатқан студенттерге аудандық, ауылдық, облыстық маңызы бар қалаларға конкурстан өтпей, тест тапсырмастан тікелей жұмысқа орналасуына мүмкіндік бердік. Мұның бәрі адами ресурстармен дұрыс жұмыс істеудің үлгісі саналады, — дейді Д.Жазықбай.

Айта кетейік, Үкімет мемлекеттік қызметтің 90 пайызы тек электронды форматта көрсетілуі қажеттігі жөнінде қаулы шығарды.

Соңғы жаңалықтар