2026 жылы Павлодар әуежайы жөндеуден кейін ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Авиациялық қатынасты дамыту мақсатында өткен жылы Павлодар әуежайының ұшып-қону жолағын қайта құру басталды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтып берді. 

2026 жылы Павлодар әуежайы жөндеуден кейін ашылады
Фото: ОКҚ

Жобаны қайта жаңғыртудың жалпы құны 16,4 млрд теңгеге бағаланған.

— Алғашқы дайындық жұмыстары 2024 жылғы қыркүйекте қолға алынса, 2025 жылғы сәуірден бастап әуежай күрделі техникалық жұмыстарға байланысты жабылды. Жаңғырту жұмыстарын 2026 жылғы шілде-тамыз айларында толық аяқтау жоспарланған, — деді Асайын Байханов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен бірге, облыста теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы есебінен Ақсу теміржол вокзалына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ Қалқаман, Шідерті, Қарасор және Бозшакөл станцияларында да жаңарту қолға алынған.

Аталған жұмыстарды қаржыландыру 583 млн теңге.

Ақсу қаласындағы вокзалды жаңғырту жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр, ал станциялардағы жұмыстарды биылғы жылдың соңына дейін тәмамдау көзделген.

Айта кетейік, Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір 2027 жылы қолданысқа беріледі.

Соңғы жаңалықтар