2,7 млн теңге жымқырған: Қазселденқорғау ШҚО филиалының басшысы сотталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – «Төтенше жағдайлар министрлігінің Қазселденқорғау» ММ облыстық филиалының басшысы 3 жылға сотталды. Бұл туралы Антикор мәлім етті.

— Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласының № 2 сотымен «Төтенше жағдайлар министрлігінің Қазселденқорғау» ММ облыстық филиалының басшысы С. Станбековке қатысты үкім жарияланды. Ол қала тұрғынын филиалға жалған жұмысқа орналастыру арқылы 2,7 млн теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, — делінген хабарламада.
Оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін хабарланғандай, сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген ақшаға 89 мектеп салынып жатыр.