33 адамды жұмыспен қамтып отырмын — Түйе жүнінен бұйым жасайтын маңғыстаулық кәсіпкер
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада өткен «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» форумында қой мен түйе жүнінен жасалған өнім арқылы 2023 жылы Маңғыстау облысында «Бір ауыл — бір өнім» жобасының жеңімпазы болған әлеуметтік кәсіпкер Жаңагүл Жапарова өзінің бұл салаға қалай келгенін айтып берді.
«Соңғы кезде ауылда керексіз болып, далада шашылып, өртеніп жатқан қой мен түйе жүні мені қатты алаңдатты. Неге осыны кәдеге жаратпасқа деген оймен, жүннен жасалатын өнім шығару идеясын қолға алдым. Сол кезде «Бір ауыл — бір өнім» жобасы туралы білдім. Құрық ауылындағы жұмыссыз жүрген әйелдердің басын қосып, түйе мен қой жүнінен түрлі өнімдер шығара бастадым. Осылайша, 2022 жылы Құрық ауылында «Бір ауыл — бір өнім» пилоттық жобасы іске қосылды», — деді Жапарова Жаңагүл.
Кәсіпкердің айтуынша, алғашында «Атамекен» палатасының Іскер әйелдер кеңесі мен жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, істі жүргізуге ғимараттан тегін орын берілген. Соңғы екі жылда жалпы құны 15 млн теңгеден асатын түрлі грантқа, демеушілер қолдауына ие болған. Соның арқасында жүн өңдеуге қажетті түрлі заттар мен құрал-жабдықтар сатып алып, бизнесін дамытқан.
«Қазіргі таңда 33 адамды жұмыспен қамтып отырған жайым бар. Оның ішінде 3 адам мемлекеттік субсидиялаумен, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша — 2 мүмкіндігі шектеулі адам, көп балалы — 8 әйел жұмыс істейді. Өнім мен қаптама дизайны жасалды, 30-дан астам түрлі тренингтер мен оқуларға қатыстық, өндіріс технологияларын меңгердік. Сонымен қатар, көптеген облыстық, республикалық және АҚШ, Германия, Түркия, Әзербайжан, Моңғолия мемлекеттерінде өткен халықаралық көрме-жәрмеңкелерге қатыстық», — дейді әлеуметтік кәсіпкер.
Сондай-ақ, ол Құрық ауылынан шыққан өнімдер экспортқа кеткенін ерекше мақтанышпен айтты.
«2023 жылдың маусымында біз Қырғызстандағы әріптестеріміздің ұсынысы бойынша кәдесый түрінде 100 түйе жасадық. Осылайша қырғыз-қазақ кәсіпкерлері бірігіп, «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясында халықаралық дүкендер желісіне тауар экспорттадық», — деді Жаңагүл Жапарова.
Форум барысында Премьер-Министр елге жанашырлық танытқан кәсіпкерлерге алғыс айтты.
Сондай-ақ, елімізде отандық тауарлардың және тауар өндірушілердің бірыңғай ашық реестрі әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Одан бөлек, әзірленіп жатқан «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ТҮКШ саласына 10 триллион теңге инвестиция тартылатынын атап өтті.