4 мыңнан аса астаналық BI қайырымдылық марафонына қатысты
АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық Триатлон саябағында кезекті BI Marathon қайырымдылық марафоны өтті.

2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде тоқтап қалған бұл үрдіс қайта жанданды және соңғы 6 жылда алғаш рет өткізіліп отыр.

Бұл жолы марафон «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдады. Жаңбырлы ауа райына қарамастан, еріктілер мен тазалықшылар сенбілік жасап, саябақтың тазаруына үлес қосты. Осылайша, спорт пен игі істер ұштасып, тазалық пен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Қайырымдылық марафонынан жиналған жалпы қаражат көлемі осы аптада белгілі болады. Ал марафон аясында 4 мыңнан астам желаяқ екі қашықтықта жүгіріп шықты. Атап айтқанда, 1174 қатысушы 21 шақырымды, 2872 қатысушы — 10 шақырымды еңсерді. Үш жүзден астам қатысушы өзге өңірлерден келді.

Бұл ретте ұйымдастырушылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тіркелген қатысушылардың 90 пайыздан астамы жүгіруге келгенін айтып жатыр. Бұл елордадағы жүгіру мәдениеті қалыптасқанын және олардың кез келген тосын жағдайға шыныққанын көрсетеді. Өз кезегінде ұйымдастырушылар да жаңбырлы ауа райы болатынын алдын ала білген, алайда Астананың басты көшелері жабылатын болғандықтан, спорттық іс-шараны өзге күнге ауыстыру мүмкін болмаған. Спортшыларға ыңғайлы болу үшін жауын суын өткізбейтін бір реттік желетке беріліп, шатырлар тігілген және ыстық тағам мен сусындар, жеміс-жидектер таратылды.

Марафон қатысушыларының қауіпсіз жүгіріп өтуін қамтамасыз ету мақсатында сағат 7:00–10:00 аралығында елорданың Қошқарбаев даңғылы, Қонаев, Достық, Ақмешіт көшелері ішінара жабылды.

Сонымен бірге, жүгіру мерекесі балаларға да қуаныш сыйлады. 4-9 жас аралығындағы балалар 400 метрге, 10-13 жастағы жеткіншектер — 1 шақырымға жүгіріп, мереке атмосферасын сезіне алды және алғашқы медальдарын тақты. Старттық сөмкеде балаларға естелік жұмсақ ойыншықтар тарту етілді.


Оған қоса, BI Fest аясында саябақ аумағында түрлі белсенділіктер ұйымдастырылды: келушілерге тегін палау таратылды, фотозоналар, қазақтың ұлттық ойындары және қатысушыларға арналған қызықты іс-шаралар өткізілді. Танымал әнші Садраддин өнер көрсетіп, блогерлер тікелей репортаж жүргізді. Қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойыны өтті.

Еске сала кетсек, 1 мамырда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, еліміздің барлық өңірінде «Бірлік жүгірісі — 2025» республикалық марафоны өткен еді. Спорт мерекесіне ел бойынша 17 мың адам қатысса, оның 3 мыңы елордада бас қосты.
Ал Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов марафонға қандай шектеу қойылуы мүмкін екенін түсіндірді.