Абай облысында 157 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Абай облысы өзінің алғашқы жылында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша сенімді өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев елордадағы есеп беру брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланбаған жерлерді қайтару жұмысы жалғасуда. Жалпы ауданы 387,9 мың гектар жер учаскесі анықталды. Оның 157 мың гектары қазіргі таңда қайтарылды. Қалған 97 мың гектар жыл аяғына дейін алынып, жылдық жоспар толық орындалады», - деді Нұрлан Ұранхаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде агроөнеркәсіптік кешенде 5,3 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асты. Атап айтқанда, Үржар ауданында «Muhit Agro» ЖШС тұрақты суару учаскесінің инфрақұрылымы салынды.
Бесқарағай ауданында «Мукинов» шаруа қожалығында мың бас ірі қара малды бордақылау алаңы, Ақсуат ауданында «Жансая» шаруа қожалығында 1,5 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы, сондай-ақ Көкпекті ауданында «Елімай» ЖШС 1 543 гектар алаңында суару жүйелері салынды.
Сонымен бірге, әкімдіктің хабарлауынша, агроөнеркәсіптік кешен мен өңдеу өнеркәсібі саласында жыл соңына дейін 11,9 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылып, 150-ге жуық жұмыс орны ашылады.
«ПК Цемент зауыты Семей» ЖШС-де тік диірменді және цемент қаптамасының үшінші желісі, жартылай ет фабрикаттарын өндіру зауыты, «ФИК Алел» АҚ-да металлургия зауытының учаскесіне арналған көмір десорбциясы және электролиз цехы, «Зейтенов» жеке кәсіпкерлігінде сүзбе цехы іске қосылмақ.
Айта кетейік, Абай облысы өзінің алғашқы жылында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша сенімді өсім көрсетіп отыр.
Ондағы орташа айлық жалақы 17,6%-ға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады. Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд теңге түсірді.
Бұған дейін Нұрлан Ұранхаев Аягөзде өрт салдарынан төрт баласынан айырылған отбасыға қандай көмек көрсетілгенін айтқан еді.