Абай облысындағы түрмеде адам өлімі болғаны рас - Игорь Лепеха
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Абай облысындағы түрмеде сотталғандардың жаппай пышақтасқаны жайлы түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Иә, онда (Абай облысындағы бұрынғы орган қызметкерлері отыратын түрмеде - ред.) расымен кісі өлімі болды. Ол (жазасын өтеуші - ред.) пышақты өзі жасап алған. Өкінішке қарай, бұл - біздің қызметкерлердің салғырттығы. Бейнебақылау камераларын қарап шықтық. Сол сәтте онда екі адам ғана болған, бөтен ешкім жоқ. Екеуі де – жазасын өтеуші, бірақ камералас емес. Оқиға күндіз болған. Басқа егжей-тегжейін айта алмаймын. Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біздің қызметкерлер жауапкершілікке тартылды. Бұл мекеме бойынша тексеріс жүріп жатыр», - деді Игорь Лепеха.
Айта кетсек, Семей қаласындағы №19 колонияда ҰҚК төрағасының экс-орынбасарлары Дәулет Ерғожин мен Әнуар Садықұлов, ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мажилов және қорғаныс экс-министрі Мұрат Бектанов жазасын өтеп жатыр.
Kazinform редакциясы осы оқиға туралы хабар алған бойда Абай облысы бойынша ҚАЖД-дан ақпарат сұраған болатын. Алайда, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бұл фактіні жоққа шығарған еді.