«Адал білім – адал ұрпақ»: Білім саласында адалдық қағидаттары қатаңдайды
АСТАНА. KAZINFORM — Енді еліміздің білім саласында адалдықты сақтау қағидаттары қатаңдайды. Бұл туралы «Адал білім – адал ұрпақ» атты республикалық форумда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мәлімдеді.
Агенттік төрағасының айтуынша, бұл бағытта білім беру ұйымдарын цифрландыру жаңа деңгейде жүзеге асады.

– Өздеріңіз білетіндей, бірыңғай кадрлық жүйесін енгізіп жатырмыз. Біз білім саласындағы мүдделер қақтығысын да көріп отырмыз, кадрдағы туыстық қатынастарды да көріп отырмыз, басқа да мәселелерді қарап отырмыз. Осының барлығы алдағы уақытта болмауы мен ашықтықты қамтамасыз етуі үшін толықтай цифрлық жүйеге көшіп, цифрлық HR процестерді көбірек қабылдау қажет, – дейді Дархан Жазықбай.

Енді ЖОО-дағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін барлық білім ұйымдарына бірдей стандарт бекітілмек.
– Елімізде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы цифрланғанын білесіздер. Бірақ бұл бағытта әр білім беру ұйымының деңгейі әртүрлі. Мысалы, бір университет цифрландыру бойынша алғашқылардың бірі болып, жатақхана бөлмелерін беру тәртібін цифрландырса, басқа университет бұл процеске ілесе алмай қалады. Сондықтан барлық университет үшін ортақ стандарттар жасап, оларды енгізу қажет, – дейді Kazinform тілшісіне берген сұхбатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов.
Республикалық форумға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да қатысты. Сондай-ақ, орта білім беру ұйымдарының өкілдері, сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік органдардан 300-ден астам адам жиналды.
Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері мен Академиялық адалдық лигасы білім беруде академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар меморандумды іске асырудың 2026 - 2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 2021 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жоғары оқу орындарында академиялық адалдықты бұзу деректеріне және жемқорлық көріністеріне жол берген жағдайда лицензиядан айыруға дейінгі қатаң жауапкершілік енгізуді тапсырған болатын.
Бұған дейін Астанада лицензиясыз жұмыс істеген жеке мектепке айыппұл салынғаны туралы жазған едік.