Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтің мәйіттері Қазақстанға 11 ақпан күні жеткізіледі

«Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан мерт болған Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтың мүрдесі 11 ақпанда елімізге жеткізіледі», - деді Айбек Смадияров БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол Сыртқы істер министрлігі Антакия қаласында жер сілкінісі кезінде үйдің қирауы салдарынан қаза тапқан отандастарымыздың туған-туыстарына көңіл айтатындығын жеткізді.
«Сыртқы істер министрлігі мерт болғандардың мүрдесін отанына жеткізу үшін барынша жан-жақты көмек көрсететін болады», - деді реми өкіл.
Естеріңізге сала кетсек, Түркияның Хатай провинциясына қарасты Антакья қаласында жүргізілген іздеу жұмыстарының барысында 9-ақпан күні таңғы сағат 9-да үйінділер астынан екі адамның мәйіті табылды. Оның біреуі түркиялық Құбылай Кескин болып шықты. Екінші мүрде - Әділ Қадырбековтікі. Оны марқұмның туыстары растады.
Ал бүгін Мирболат Құрмашевтің денесін құтқарушылар үйінді астынан алып шыққаны белгілі болды.