Әдістемелерге қойылатын ортақ талап бекітілгені дұрыс - педагог
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен өңірлерде «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы талқыланып жатыр. Ақтөбе облысы, Хромтау қаласындағы №6 Хромтау гимназиясының директоры Гүлмараш Мұқашева ұжымда талқыға түсіп, ұстаздарды алаңдатқан бірнеше ұсыныспен бөлісті.
«Біріншіден, ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес педагогтар кем дегенде бес жылда бір рет біліктілік курсынан өтеді. Қазір базалық курспен бірге деңгейлік, жаңартылған білім беру мазмұнына даярлық курсы бар. Осы курстарға ауылдан келетін мұғалімдердің жағдайы қарастырылмаған. Мұғалімдер танысының, туысының үйінде, тіпті пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Сондықтан біліктілігін көтеріп әрі шипажайда тегін демалатын жобаны ұсынамыз. Екіншіден, осы біліктілік курстары мен оқу семинарларын ақылы өткізетін, түрлі сертификат беретін орталық өте көп, бәріне шектеу қою қажет. Тек мемлекеттік басқару орындарына қарайтын, арнаулы, жоғары оқу орындарына ғана осы құзіреттілік берілсе деген тілек бар. Үшіншіден, мұғалім әдістеме құрастырады, өзі баспадан шығарады. Соңында бар еңбегі зая кетіп, жарамсыз, қате болып шығады. Олқылық болмас үшін әдістеме құралдарын бір орталық шығарып, негізгі талаптары бекітілсе дейміз», - деді №6 Хромтау гимназиясының директоры Гүлмараш Мұқашева.
Хромтаулық ұстаздар Тамыз кеңесі мен Мұғалімдер мерекесі кезінде марапаттау аздық ететінін жеткізді. Әрі Ы.Алтынсарин төсбелгісі, Оқу ісінің үздігі марапатына аудан, ауыл мұғалімдерін ұсыну, беру әлі де төмен екенін жасырмады.
«Жеке мекемелерге 15 мың, кейде 60-70 мың теңге ақы төлеп, қалаған медаль мен марапатты алуға болады. Бірақ ол марапаттың сый-құрметі, салмағы жоқ. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның мақсат-міндеттері де, жауапкершілігі де, қоғам алдындағы рөлі де жоғары боларына сенеміз. Заң мұғалімдердің құқығын қорғап, педагогтың функционалдық міндеттерін айқындап беруі тиіс. Сондықтан, заң жобасын ел болып талқылап, ғылыми тұрғыда сүзгіден өткізіп, мінсіз құжат болып шығуына әрбіріміз мүдделіміз», - деді Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Г.Мұқашева.