Әділеттілікті қамтамасыз етудегі ұстаным: биыл қандай маңызды заңдар қабылданды

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы еліміздегі заң шығару саласында елеулі өзгерістер болып, мазмұнды кезеңге айналды. Мәжіліс бірқатарды заңды қабылдап, Сенаттың мақұлдауына жолдады. Жалпы, жыл басынан бері Парламент 104 заң қабылдады.

заң, әділет
Коллаж: Kazinform/Freepik/DALL-E

Мәжілістің биылғы жұмысы қорытындыланды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, 2024 жыл Парламент Мәжілісі үшін нәтижелі болды. Жыл басынан бері Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмаларын орындау үшін бірқатар маңызды заң қабылданды.

Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

- Әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған конституциялық нормалар биыл толық іске асырыла бастады. Қабылдаған заңдардың нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен қолды болған капиталды қайтару туралы заң – осыған айқын дәлел. Жыл басынан бері балалардың жинақтаушы шоттарына алғашқы кіріс түсіп, заңсыз шығарылған активтерге елде әлеуметтік нысандар салына бастады, - деді Е. Қошанов жақында Мәжілістің жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылау кезінде.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленіп, оны ҚР Парламенті талқылады. Жақында Сенат «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдады

Президенттің «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы бастамасы да – азаматтарымыз үшін үлкен көмек. Ол жинақтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы қаражатпен бірге өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашады. Сондай-ақ жастардың шетелде білім алуына қолжетімділігін кеңейтетін нормалар бекітілді.

Биыл желтоқсан айының басында Мәжіліс заңнамаға дарынды балаларды қолдау саясатын жетілдіріп, мемлекеттік тілдің қолданысын біріздендіруді көздейтін заң жобасын қабылдады

Енді халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік алады. Осы шараның барлығы ел жастары үшін елеулі қолдау болмақ.

Бұдан бөлек, биыл шілде айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды

Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілді.

Бұдан бөлек, сәуір айында Мемлекет басшысы вейпке тыйым салатын заңға қол қойды

Жақында Сенат депутаттары есірткі мен психотроптық заттардың, прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге бағытталған заңды мақұлдады

Бұл құжат «есірткі көмушілер» мен оларды қылмысқа итермелейтіндердің арасындағы қылмыстық жауапкершілікті ажырату үшін әзірленгенін еске салды.

- Біз қоғамның дертіне айналған түйткілді мәселелерді шешу үшін бірқатар заң қабылдадық. Бүгінгі таңда ойын бизнесі туралы заңның, сол сияқты вейпке тыйым салу туралы норманың іске асырылуына куә болып жатырмыз. Біз есірткіге қатысты қылмыстар үшін жазалаудың сараланған тәсілі жөніндегі Президенттің тікелей тапсырмасын заңнамалық деңгейде орындадық. Заң арқылы біз есірткі өндіру мен тарату арасындағы жауапкершіліктің ара-жігін ажыраттық. Сонымен қатар, есірткі өндіруді ең ауыр қылмыстарға теңестіріп, ол үшін жауапкершілікті мейлінше күшейттік. Осылайша, есірткі тұтыну сияқты белең алған дертке депутаттар тарапынан тағы бір тосқауыл қойылды, - деді Мәжіліс төрағасы.

Айта кетейік, халықаралық қоғамдастық отбасындағы және тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңға жоғары баға берді. Бұл заңды Біріккен Ұлттар Ұйымы «гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолында жасалған қадам» деп атап, Астанаға алғысын білдірген болатын.

- Кредит берудегі қауіп-қатерді барынша азайту туралы заңды бөлек атап өткім келеді. Ол қоғамда белең алған шамадан тыс несие алуды азайтуға зор септігін тигізбек. Қазірдің өзінде сарапшылар Қазақстанда проблемалық кредиттер біршама азайғанын айтуда. Бұл – Мәжілістегі барлық фракция мен бір мандатты округтен сайланған депутаттардың ортақ еңбегінің арқасы, - дейді Е. Қошанов.

Сессия барысында жаңа экономикалық саясаттың заңнамалық негізін қалау жұмысы жалғасты. Жаңа Бюджет кодексі қабылданды

Сол арқылы бюджет қаражатына деген көзқарас түбегейлі өзгертілмек. Бюджет заңнамасының негізгі қағидаты – қаражатты ұтымды, үнемді игеру және нақты қажеттілікке бағыттау. Депутаттардың ұсынысы бойынша мемлекеттік сектор қаражаты енді толығымен Парламент бақылауында болады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің таза кіріс сомасының кемінде 70 пайызы бюджетке дивиденд төлеуге бағытталады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі компаниялар дивидендінің кемінде 50 пайызы бюджетке түседі. Сонымен бірге, Бюджет кодексі арқылы аймақтарға көбірек дербестік беріледі. Бірқатар түсімдерді республикалық деңгейден жергілікті деңгейге беру жөніндегі шаралар да көзделген. Сондай-ақ, аудан әкімдерінің өкілеттігін кеңейту үшін шағын және орта бизнестен алынатын корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы облыстық деңгейден аудандық деңгейге беріледі.

Айтпақшы, 25 желтоқсанда Мәжіліс Түркістанның ерекше мәртебесін бекітуге арналған маңызды заңды қабылдады.

- Мемлекет басшысы қалаға заң жүзінде ерекше мәртебе беру туралы тапсырма бергенін білесіздер. Түркістанның ел тарихында ғана емес, бүкіл түркі әлеміндегі орны айрықша. Осы Заңды қабылдау арқылы өңірдің өзін-өзі басқарудағы дербестігін арттырамыз. Мұндай мәртебе жергілікті проблемаларды анағұрлым тиімді шешуге, инвестиция тартуға мүмкіндік береді және өңір экономикасының одан әрі дамуына септігін тигізеді, - деп түсіндірді Ерлан Қошанов.

Ұшақ апатына қатысты әртүрлі алыпқашпа әңгімелерді таратуға болмайды – Мәулен Әшімбаев
Фото: senate.parlam.kz

Сенат төрағасы 2024 жылдағы маңызды заңдарды атады

26 желтоқсан күні Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады. Жалпы, жыл басынан бері Парламент 104 заң қабылдады. Қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталды.

- Атап айтқанда, отандық ғылыми жүйені жетілдіруді, сондай-ақ, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті тиімді үйлестіруді көздейтін Ғылым және технологиялық саясат туралы заң қабылданды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыруға және осы саладағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға арналған Мемлекеттік сатып алу туралы арнайы заң бекітілді

Адам саудасына қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері мен тиімділігін арттыруға, адам саудасы құрбандарының мүдделерін қорғауға арналған заң да бар

Жылу энергетикасы саласындағы күрделі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді көздейтін дербес жаңа заң күшіне енді

Сонымен қатар, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтетін нормалар қабылданды

Бұл – мемлекеттің әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымының айқын көрсеткіші, - деді М. Әшімбаев.

Сондай-ақ ол биыл Парламент экономика, мемлекеттік басқару, халықты әлеуметтік қамсыздандыру және өзге де салаларға қатысты маңызды заңдарды талқылағанын айтты. Желтоқсан айының басында еліміздің басты қаржылық құжаты – үш жылға арналған республикалық бюджет бекітілді

- Сенат отырысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған көлемді түзетулер топтамасын қарадық. Бұл ретте депутаттардың заң шығаруға бастамашы болып, белсенділік танытқанын атап өткен жөн. Заң шығару қызметімен қатар, Сенаттың тұрақты комитеттері Палата жоспарына сәйкес бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырды. Азық-түлік қауіпсіздігі және Экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелерін талқыға салып, екі парламенттік тыңдау өткіздік. Сенатта Демографиялық өсу мәселесіне қатысты Үкімет сағаты және 150-ден астам дөңгелек үстелдер мен көшпелі отырыстар өтті. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданды, - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетсек, күні кеше Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар