Air Astana акциялары ақпан айында Лондон қор биржасында сатылымға шығады

АСТАНА. KAZINFORM - Air Astana Лондон қор биржасында (LSE), АХҚО қор биржасында (AIX) және «Қазақстан қор биржасы» АҚ-да (KASE) бағалы қағаздар листингін жүзеге асырады.

эйр астана
Фото: Air Astana

Ресми мәлімет компанияның сайтында жарияланды. 

Жылдар бойы кейінге қалып келген бұл науқан 2024 жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланып отыр. Компания акцияларының кем дегенде 25 пайызы сатылымға шығады. 

Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығына шығу уақыты осы жылдың ақпанына белгіленген. Ал KASE нарығына бүгін немесе жақын күндері шығады.   

«Компанияның атынан „Эйр Астананың“ көпшілік қаржы нарығына шығатынын қуана растаймын. Орталық Азия мен Кавказдағы аса ірі әуе компаниясы ретінде біздің осы саладағы мәртебеміз, нарықтық позициямыз және өсім профиліміз тартымды инвестициялық мүмкіндік бола алады деп сенемін. Біз жаңа қазақстандық және халықаралық инвесторларды компания акционері ретінде қатарымызға қабылдауға дайынбыз», — дейді «Эйр Астана» АҚ президенті және бас атқарушы директоры Питер Фостер.

Еске сала кетейік, әуе компаниясы шетелдегі листингке көмек беретін халықаралық кеңесші ретінде Citigroup, Jefferies Financial Group және Wood & Co компанияларын, ал ішкі нарықта жұмыс істеу үшін Halyk Finance, BCC Invest, Jusan Invest және SkyBridge Invest компанияларын жалдаған болатын. 

Алдын ала мәліметке сенсек, IPO-да компания шамамен 1 млрд долларға бағалануы мүмкін.

Оның аясында британдық BAE Systems қорғаныс компаниясы мен Қазақстанның «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өз үлесінің бір бөлігін инвесторларға ұсынады.

Қазіргі уақытта Air Astana акцияларының 49% — BAE Systems-ке, ал 51% — ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі.

Акционерлер өздерінің жалпы үлесін шамамен 50% дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, науқан кезінде қосымша акциялар шығарылады.

 

Соңғы жаңалықтар