АҚШ пен Израильдің соққысынан кейін Иранда 300-ден астам бала ауруханаға түсті
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққылары салдарынан 300-ден астам бала зардап шекті, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы Иран жедел жәрдем қызметінің басшысы Джафар Миадфар хабарлады.
— Шабуылдарда қаза тапқандардың ең жасы - бір жаста, ал жараланғандардың ең кішісі - алты айлық. Қазіргі уақытта 300-ден астам 18 жасқа дейінгі бала мен жасөспірім ауруханада жатыр, — деді ол мемлекеттік телеарнада.
Бұған дейін Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласында қыздарға арналған бастауыш мектепке жасалған израильдік соққы салдарынан 40 адам қаза тапты.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия Иран аумағына қарулы шабуыл кезінде балалардың қаза болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Иран, Израиль және АҚШ арасындағы қақтығыс өзара шабуылдармен, қатал саяси риторикамен және аймақтық шиеленістің одан әрі ушығу қаупімен бірге өрбіп тұр. Кешегі күнге дейінгі жағдай бойынша екі тарап әскери операциялардың жоғары қарқындылығын сақтап отыр, ал дипломатиялық сигналдар шиеленістің төмендеу белгілерінің жоқтығын көрсетеді.
Айта кетейік, БҰҰ Таяу Шығыстағы шиеленістің гуманитарлық салдары ауыр болатынын ескертті.