АҚШ-тың БҰҰ-дан шығуы қандай өзгерістер әкелуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Жақында АҚШ-тың республикашыл сенаторлары Біріккен Ұлттар Ұйымынан толық шығу туралы заң жобасын бастама етіп көтерді. Мұның себебін бақылаусыз бюрократиялық экспансия және қаржылық былықтармен байланыстырып отыр. Осы орайда, сарапшылар АҚШ-тың БҰҰ-дан шығуы екіталай, тіпті жақын арада мүмкін емес деген болжам айтады.

АҚШ, БҰҰ
Коллаж: Сanva

Ұйымнан шығу оңай емес

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропа және Америка зерттеулері бөлімінің жетекшісі Бекжан Садықовтың пікірінше, АҚШ-та мұндай заң жобасының ұсынылуы елдің БҰҰ-ға қатысты саяси риторикасын көрсетеді.

Бекжан Садықов
Фото: ҚСЗИ

− АҚШ-тың БҰҰ жүйесінде жұмыс істейтін басқа да халықаралық құрылымдардан шығуы кезінде Мемлекеттік департаменті белгілі бір деңгейде ұлттық мүдделеріне сәйкес басымдықтарды саралады деп ойлаймын. Қазіргі уақытта АҚШ-тың БҰҰ-дан шығуы екіталай сценарий деп санаймын. Себебі, бұл мәселе бірқатар құқықтық сұрақты көтереді, оның ішінде БҰҰ Жарғысының 6-бабы мен 110-бабының қолданылуы да бар. Оған қоса, бұл БҰҰ штаб-пәтерінің орналасуына қатысты мәселелерді қамтиды. Сондықтан менің ойымша, АҚШ-тың БҰҰ-дан шығуы әзірге мүмкін емес, − деді Бекжан Садықов агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сәния Нұрдәулетованың айтуынша, АҚШ сенаторларының бұл бастаманы қолдауы БҰҰ-дан автоматты түрде шығатынын білдірмейді.

АҚШ-тың ұйымнан ресми түрде шығуы үшін Конгрестің және тиісінше атқарушы биліктің мақұлдауы қажет. Сондай-ақ, АҚШ-тың БҰҰ мүшелігіне байланысты барлық халықаралық келісімдерді қаржыландыру мәселесін шешу керек, бұл едәуір құқықтық және дипломатиялық күш-жігерді талап етеді.

Сәния Нұрдәулетова
Фото: ЕҰУ

− Көріп отырғанымыздай, бұл процесс жылдам бола қоймайды, өйткені барлық құқықтық аспектілерді реттеуге және БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттермен қарым-қатынасты реттеуге уақыт қажет. Құқықтық қадамдар тұрғысында АҚШ-тың БҰҰ-дан ресми түрде шығуы үшін Конгресс деңгейінде заңнамалық актілер қабылданып, заңдық рәсімдер арқылы жүзеге асырылуы керек, − дейді сарапшы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Америкалық және демократиялық зерттеулер ресурстық орталығының директоры Фатима Көкееваның айтуынша, АҚШ-тың БҰҰ-дан шығуы — конституциялық және халықаралық құқық тұрғысынан даулы мәселе.

Фатима Көкеева
Фото: Ф. Көкееваның жеке мұрағатынан

− Өйткені, БҰҰ Жарғысында ұйымнан жеке елдің шығу механизмі қарастырылмаған. АҚШ-тың БҰҰ-ға кіруін 1945 жылы Сенат ратификациялаған, сондықтан президент Д. Трамптың біржақты шешімі АҚШ Конгресінің мақұлдауын талап етеді. АҚШ-тың БҰҰ-ға мүшеліктен толық бас тартуы екіталай. Алайда жекелеген құрылымдардан шығу және соған байланысты қаржыландырудың қысқаруы халықаралық ынтымақтастыққа айтарлықтай әсер етуі мүмкін, − дейді Ф. Көкеева.

БҰҰ неге сынға ұшырады?

Сарапшылар АҚШ-тың БҰҰ-дан шығуы туралы заң жобасы жаһандық ахуалдың шиеленісуі аясында ұсынылғанына назар аударады. «БҰҰ үлкен бюрократиялық құрылымға айналды, өзекті қауіпсіздік мәселелеріне жедел жауап бере алмады» деген сын-пікірлер айтылады.

− БҰҰ-ға қатысты АҚШ сынына негіз бар. Вашингтон ғана емес, көптеген мүше мемлекет те ұйымның тиімділігін арттыру мақсатында оны реформалау қажеттігін көтеріп келеді. Бюрократиялық жүктеменің артуы, функциялардың қайталануы, ресурстарды бөлудің әділдігі сияқты мәселелер БҰҰ аясында жылдар бойы талқыланып келеді. Осы тұрғыда АҚШ-тың саясаты ұйым жұмысын жақсартуға ынталандырушы фактор болуы мүмкін, − деп пікір білдірді Ф. Көкеева.

Дегенмен, БҰҰ әлі де баламасы жоқ жаһандық алаң болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, бұл ұйым әлемнің барлық дерлік мемлекетін біріктіреді және ғаламдық сын-қатерлерге ұжымдық шешім қабылдаудың негізгі құралы болып саналады.

− Алайда, бұл БҰҰ-ның реформалауды қажет етпейтінін білдірмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымды жаңғырту керегін, атап айтқанда, әділетті өкілдікті қамтамасыз етіп, шешімдердің тиімділігін арттыру үшін Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігін ерекше атап өтті. Сондықтан геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, БҰҰ көпжақты ынтымақтастықтың негізгі алаңы болып қала береді, − деді Фатима Көкеева.

Қорғаныс министрілігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

БҰҰ балама қаржы көздерін іздеуі керек

БҰҰ жалпы бюджетінің шамамен 22 пайызын АҚШ қаржыландырады. Бұл ел тарапынан қаржыландырудың тоқтауы БҰҰ-ның өз жобаларын, яғни гуманитарлық миссияларды, бітімгерлік операцияларды, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы түрлі жобаларды қаржыландыру мүмкіндігіне айтарлықтай әсер етеді.

− Қаржының жетіспеуі БҰҰ мекемелеріндегі қызметкерлердің қысқаруына және дамушы елдерге көрсетілетін көмектің азаюына да әкеледі. Алайда, басқа мүше мемлекеттер өз жарналарын көбейтуге мәжбүр болуы мүмкін, бірақ бұл бүкіл тапшылықты өтей алмайды. Егер қаржының қайта бөлінуі туралы айтсақ, онда БҰҰ балама қаржыландыру көздерін іздеуге мәжбүр болатын шығар. Бұл ірі қорлардың, жекеменшік ұйымдардың немесе ғаламдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдауға мүдделі басқа мемлекеттердің қайырымдылық қаражаты болуы мүмкін. Бірақ, бұл қаражат тұрақсыз және ұйымның ұзақ мерзімді жұмысы үшін жеткіліксіз болуы мүмкін, − деді ЕҰУ ғалымы Сәния Нұрдәулетова.

Оның пікірінше, АҚШ Біріккен ұлттар ұйымынан шықса, басқа мемлекеттер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымын өзгертуге, вето құқығы мен басқа да артықшылықтарды қайта бөлуге тырысуы мүмкін.

− Дегенмен, БҰҰ-ны реформалау процесі өте көп уақыт алады және ол ірі ойыншылардың, соның ішінде Қытай мен Ресейдің елеулі қарсылығына тап болуы мүмкін. Бұл елдер өз ұстанымдарын әлсірететін өзгерістерді қолдамауы ықтимал. Өз кезегінде, АҚШ балама тетіктерді ұсынуы мүмкін, яғни жаңа халықаралық ұйымдар құру немесе қолданыстағы аймақтық блоктардың рөлін күшейту нұсқалары қарастырылуы мүмкін, − деді сарапшы.

АҚШ ықпалы әлсіреп, өңірлік альянстар күшейеді

АҚШ-тың БҰҰ-дан шығуымен аймақтық альянстардың маңыздылығы арта түседі. Еуропалық Одақ елдері, Жапония, Үндістан, Аустралия және басқа да ойыншылар қауіпсіздік пен ғаламдық мәселелерді шешудің тиімді халықаралық механизмдерін құру бойынша өз күш-жігерін арттыруы мүмкін.

Бұл елдер аймақтық институттарды нығайтуға, мысалы АСЕАН-ды дамытуға немесе бітімгерлік операцияларды, терроризммен күресті және гуманитарлық мәселелерді шешуді қамтамасыз ету үшін жаңа ынтымақтастық формаларын құруға талпынуы мүмкін.

− Қауіпсіздік мәселелері туралы айтсақ, АҚШ БҰҰ-да, әсіресе Қауіпсіздік кеңесінде басты рөл атқарады, мұнда оның вето құқығы бар екені белгілі. АҚШ-тың БҰҰ-дан шығуы ұйымды маңызды ойыншыдан айырып, оның ықпалын әлсіретуі мүмкін. Бұл шешім АҚШ дәстүрлі түрде көшбасшы орын алатын ғаламдық саясатта басты ықпалдың басқа ірі державалар пайдасына қайта бөлінуіне әкелуі мүмкін. Мысалы, мұнда біз Қытай мен Ресейді атай аламыз, − дейді Сәния Нұрдәулетова.

АҚШ-тың кетуі БҰҰ-ның халықаралық дағдарыстарды — қарулы қақтығыстарды, терроризмді, гуманитарлық апаттарды тиімді шешу қабілетін әлсіретуі мүмкін.

− АҚШ-тың БҰҰ-ға қатысуынсыз аймақтық альянстар мен басқа да коалициялардың, мысалы АСЕАН, Еуропалық Одақ, ШЫҰ және басқа да ұйымдардың рөлі артуы мүмкін. Бұл құрылымдар ғаламдық бітімгер және ұйымдастырушы рөліндегі АҚШ-тың орнын толтыруға тырысуы ықтимал. Мұндай жағдайда, осы альянстардың күшеюі халықаралық саясаттың одан әрі бөлшектенуіне және билік орталықтары арасындағы бәсекелестіктің артуына әкелуі мүмкін. Соған сәйкес, бұл БҰҰ-дан тәуелсіз екіжақты және көпжақты келісімдердің маңыздылығын арттыруы мүмкін, − деді С. Нұрдәулетова.

АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, Адам құқықтары жөніндегі кеңес пен ЮНЕСКО сияқты негізгі құрылымдардан шығуы және болашақта қатысуын қысқартуды талқылауы АҚШ-тың жаһандық деңгейдегі ықпалына нұқсан келтіруі мүмкін. Бос кеңістікті, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қытай мен Ресей сияқты елдер өз ықпалымен толтыруы ықтимал.

− АҚШ-тың халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты әрекеттеріне айтылған сынға жауап ретінде қаржыландыруды қысқартуы белгілі бір дипломатиялық оқшаулану қаупіне әкелуі мүмкін. Сонымен бірге, АҚШ халықаралық нормалардың өзгерістері, аймақтық қауіпсіздікке қатысты қауіптер, сын-қатерлер және елдердің ұстанымдары туралы ақпаратқа толық қол жеткізе алмайды. Оған қоса, экологиялық қатерлер, пандемиялар, лаңкестік шабуылдар сынды маңызды ақпараттарға қолжетімділік те шектелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде дипломатиялық ықпалдың әлсіреуіне, одақтастармен іс-қимылды үйлестіру деңгейінің төмендеуіне және АҚШ-тың жаһандық бастамаларға қатысу мүмкіндігінің азаюына әкелуі мүмкін, − дейді Фатима Көкеева.

Басқа елдер БҰҰ-дан шығуы мүмкін бе?

Бұл сұрақта сарапшылар пікірі екіге бөлінді және мұндай сценарийдің мүмкіндігін жоққа шығармау қажеттігі айтылды.

− Басқа мемлекеттердің де осындай қадамдарға баруы ықтимал, себебі бұл басқа елдер үшін прецедент болуы мүмкін. АҚШ-тың БҰҰ-дан шығу туралы шешімі ұйымның қазіргі жұмысына қанағаттанбайтын басқа мемлекеттерді де осындай әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Бұл қатарға БҰҰ өз мүдделерін толық қамтамасыз етпейді деп санайтын елдер, өз дауыстары жеткілікті деңгейде ескерілмейді деп есептейтін дамушы мемлекеттер немесе ұйымның жалпы тиімділігіне көңілі толмайтын елдер кіруі мүмкін. Бұл қатарда Ресей болуы мүмкін, сондай-ақ орташа державалар қатарында Түркияны атап өтуге болады. Оған қоса, Иран мен басқа да елдерді ескеруіміз қажет. Мұндай жағдай халықаралық жүйенің фрагментациясына әкеліп, маңызды шешімдер жаһандық деңгейде емес, аймақтық деңгейде қабылдануы ықтимал, − дейді С. Нұрдәулетова.

ҚазҰУ профессоры Ф. Көкеева БҰҰ — 193 мемлекетті біріктіретін, көптеген ел үшін маңызды ынтымақтастық алаңы екенін атап өтті.

− Менің ойымша, АҚШ-тың БҰҰ-ның жекелеген құрылымдарынан шығуы басқа мемлекеттерді ұйымнан толықтай бас тартуға итермелемейді, өйткені БҰҰ — халықаралық диалогті, бітімгершілікті және әртүрлі саладағы ортақ күш-жігерді үйлестіруді қамтамасыз ететін басты ұйым. Сонымен қатар, БҰҰ-ға мүшеліктен бас тарту елдер үшін дипломатиялық, экономикалық және абырой-беделіне қауіп-қатер тудыруы мүмкін, − деді ол.

Мәулен Әшімбаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті
Фото: Сенат

Қазақстан ұстанымы қандай?

Мамандардың пікірінше, бұл жағдайда АҚШ үшін БҰҰ-ны реформалау бойынша диалогке қатысу — анағұрлым прагматикалық қадам болар еді. Дәл осы заң жобасын республикашылдар БҰҰ-ның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ұсынды. Сонымен қатар, Бас Ассамблеяның 80-сессиясының күн тәртібі әлі белгіленбегенін ескерген жөн. Осылайша, АҚШ БҰҰ-ны реформалау мәселесін күн тәртібіне енгізуге ықпал етеді.

− Қазақстан әрдайым БҰҰ-ны таратуды емес, жаңғыртуды жақтап келеді. Бұл жердегі маңызды түйін — қазіргі таңда БҰҰ-ның баламасы жоқ, өйткені ол әртүрлі жаһандық мәселелерді реттейтін 190 мемлекетті біріктіріп отыр. Қазақстан БҰҰ-ны реформалауды жақтайтын жалғыз мемлекет емес. Бұл мәселені Африка Одағы, сондай-ақ Үндістан, Германия, Жапония да көтеріп отыр. Олардың БҰҰ-ның XXI ғасырда қалай жұмыс істеуі керектігіне қатысты өз көзқарастары бар, − деді ҚСЗИ сарапшысы Бекжан Садықов.

БҰҰ — көпжақты ынтымақтастық, дипломатия және жаһандық мәселелерді шешу үшін бірегей мүмкіндік беретін әмбебап халықаралық ұйым.

− БҰҰ-дан бас тарту ғаламдық фрагментацияға әкелуі мүмкін, бұл жағдайда ең маңызды шешімдер тек өңірлер деңгейінде қабылданатын болады. Мұндай жағдайда енді жаһандық басқару туралы айта алмаймыз, бұл өз кезегінде бүкіл әлемдік жүйенің күрделене түсуіне алып келуі мүмкін, − деді ЕҰУ ғалымы Сәния Нұрдәулетова.

Еске салсақ, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында БҰҰ-ның әлемдегі рөлі мен ұйымға қандай реформалар қажеттігі туралы сұрақтарға жауап берген еді

Айта кетсек, 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы 46-сессиясының пленарлық мәжілісінде Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. Шешім дауысқа салынбай, бірауыздан мақұлданды. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ға мүшелікке қабылданғаннан кейін, бірден Тынық мұхиты және Азия аймақтары Экономикалық және әлеуметтік комиссияның мүшелігіне өтті.

Соңғы жаңалықтар