Ақтауда онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын орталық ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында медициналық мамандар тапшылығы байқалады. Мәселені шешу үшін 164 грант бөлініп, 195 дәрігерге 1,2 млрд теңге сомасында біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұл туралы өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтты.
Мұнайлы ауданында 150 төсек орындық аурухана салынып, іске қосылды. Жаңа аурухана 173 мыңнан астам жергілікті тұрғынды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуде.
– Облыста 3 алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету нысандары іске қосылды. Оның бірі – позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) орталығы. Орталық онкологиялық ауруларды ерте анықтауға және тиімді емдеуге септігін тигізеді. Осы зерттеуден өту үшін бұрын облыстан жыл сайын мыңға жуық тұрғын Астана мен Алматыға кетсе, қазір оны Ақтау қаласында өткізе алады, - деді Н. Қилыбай елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, Ақтау қаласында жедел жәрдем станциясының құрылысы аяқталды және келесі жылдың басында ашылады. Станцияға 32 жаңа жедел жәрдем автокөлігі мен аудандық ауруханаларға 18 дана жаңа арнайы санитарлық автокөліктер табысталды.
Жаңаөзен қаласының медициналық мекемелеріне де демеушілік есебінен 2 заманауи жедел жәрдем автокөлігі табысталды, қосымша 20 санитарлық автокөлік күтілуде.
– Саладағы негізгі мәселенің бірі – кадр тапшылығын шешу үшін биыл медицина саласына 164 грант бөлінді, 195 дәрігерге 1,2 млрд теңге сомасында біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді, 21 қызметтік пәтер сатып алынды және шетелге оқуға 20 маман жіберілді, - деді Маңғыстау әкімі.
Бұған дейін Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтқан еді.