Ақтөбе әкімі қалалық жергілікті полиция қызметіне әр бұрышты бақылауды тапсырды

Ақтөбе қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы болған Арман Өтешов өз еркімен қызметінен кетіп, оның орнына Қанат Әлиев тағайындалды. Бұл қызметтегі басшылық екі ай бұрын ғана ауысып, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен тағайындалған болатын. Ал Қанат Әлиевтің кандидатурасын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұсынды.
«Бос орын ешқашан бос болмайды ғой. Қанат Әлиевтің подполковник шені бар. Алдағы уақытта қалада, облыста сапалы жұмыс істейді деп ойлаймыз. Бұл кісінің тәжірибесі жоғары. Жоғары білімді. Алдағы уақытта қалалық жергілікті полиция қызметін білікті кадрмен толықтырып, әр аулада, көшеде, бұрышта жақсы жұмыс атқарса, көп жетістікке жетеміз», - деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов. Тағайындау кезінде қала әкімі полиция бастығына атқарып жүрген жұмысын халыққа таныстырып, жариялап отыруды тапсырды.
Айта кетейік, Қанат Әлиев 1969 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Жоғары білімді. 2006 жылы Ішкі істер министрлігінің академиясын бітірген. 1988 жылы әскери бөлімде механик-жүргізуші болып жұмысын бастаған. 1990 жылдан бастап полиция қатарына келіп, жұмыс істеген. Көптеген мемлекеттік наградаларға қол жеткізген.