Су тасқыны: Ақтөбе әлі күнге төтенше жағдай режимінде өмір сүріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласы мен 6 ауданда төтенше жағдай режимі әлі сақтаулы. Қазіргі кезде облыс биылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындалып жатыр.

150 ассенизатор мен 80-нен астам ауыр техника дайын — Ақтөбе қаласы
Ақтөбе қаласы маңындағы Ақтөбе және Сазды су қоймалары былтыр толып, қалаға қауіп төндірді. Сондықтан Ақтөбе су қоймасынан үлкен көлемде су жіберілді.
Ал Сазды су қоймасы өз-өзін реттейтін болған соң артылған су қалаға қарай ақты. Салдарынан Ақтөбе қаласының 11 және 12 шағынаудандарына қауіп төніп, төтенше жағдай қызметі мен әскерилер бірнеше сағат алысты.
Қазіргі кезде былтырғы тасқын қайталанбас үшін бөгеттер нығайтылды, жағалау бекітіліп жатыр.

— Ақтөбе қаласында бөгет салу, жағалауды нығайту, су өткізу құрылыстарын салу, арналарды кеңейту, арналарды қамыстан, құлаған ағаштардан тазарту және тағы басқа да жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта Елек пен Қарғалы өзендерінің түйіскен тұсы қауіпті аумақ болып отыр. Ол аумақтың ең төменгі нүктесінде, өзен жақын жерде «Эко» бау-бақша ұжымы орналасқан. Сондықтан топырақ үйіндісін 3 метр биіктікке көтеріп, бөгет жасалып жатыр. Әр 25-30 сантимер сайын арнайы техникамен тығыздап, бекітеді. Онда 12 самосвал, автогрейдер, каток, жүк тиегіш, екі экскаватор жұмысқа тартылған. Бұдан бөлек Елек өзенінің «Актюбренттен», «Урожайный», «Зеленстрой» бау-бақша ұжымдары орналасқан тұсы да төменгі нүкте саналады. Қазір Заречный көпірінен Кірпішті көпіріне дейін биіктігі 3 метрден асатын топырақ және қой тастармен (бутовые камни) үйінді жасалып жатыр, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.
Қала әкімдігі жылжымалы сорғы, суасты сорғылары, мотопомпа, сыйымдылығы 3-7 текше метрге дейін жететін 150 ассенизатор, 80-нен астам ауыр техника әзірледі.
Оның ішінде бульдозер, кран, экскаватор, тиегіштер, жүк тасымалдағыш көліктер бар.
Су тасқынына қарсы шараларға 251 млн теңге, ал ассенизаторлар қызметіне 300 млн тг қарастырылып тұр.

Мұз жару жұмысына 20 млн теңге бөлінді — Қобда ауданы
Былтыр Қобда ауданында 288 үй суға кетіп, 155-і жарамсыз деп танылды. Құлаған үйлердің орнына жаңасы салынып, кейбірі үй сатып алды.
Ауданда ұзындығы 9,2 шақырым қорғаныс бөгетін салу, 9,2 шақырым жасанды қорғаныс бөгеттерін жөндеу, 1,1 шақырым арық салу жұмысы жүргізілді.
— Су тасқынының алдын алу мақсатында 15 мотопомпа, 12 генератор, қуаты 20 кВт/сағ болатын 1 генератор, 1 насос стансасы, 16 үрмелі, 3 моторлы қайық, 36 000 дана қапшық, 34 дана құтқару кеудешесі, 2 жылжымалы мотопомпа, 16 тонна жанар-жағармай, 60 дана комбенизон, азық-түлік қоры, 500 тонна инертті материал, 30 дана әр түрлі техника дайындалды және жедел әрекет ету жасақтары құрылды. Көктемгі су тасқынына аудандық бюджеттен 32 млн теңге қаражат бөлінді. Өзендердегі мұз жару жұмысына 20 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда мұзды жару орындары анықталып, мемлекеттік сатып алу өткізіліп жатыр, — деп хабарлады Қобда ауданының әкімдігі.
Бұл ауданда биыл қар шығаруға 15 млн теңге бөлініп, 2 мың текше метр қар шығарылды. Қазір 5 эвакуациялық пункт бар.
Олар: аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Қобда қазақ орта мектебі, Қобыланды батыр атындағы орта мектеп, аудандық көпсалалы колледж, Ақраб және Жиренқопа мектептері.
Жалпы сыймдылығы — 700 адам.
Жол, көпір, бөгет салу, нығайту жалғасып жатыр — Ойыл ауданы
Былтыр су тасқыны кезінде ең көп зардап шеккен Ойыл ауданында 328 үйге су кіріп, оның 307-сі апатты деп танылды.
Ауданда барлығы 176 үй салуға шешім қабылданып, құрылысы аяқталды. Ал қазір көктемгі су тасқынына дайындық жүріп жатыр.
— Ауданда 931 текше метр қар шығарылды, жұмыстар жалғасып жатыр. Жергілікті атқарушы орган жанар-жағармай қорын, 30 000 дана қапшық, 5 қайық, 31 су сору мотопомпасын, 150 000 тонна инертті материал әзірленді. Сонымен бірге 2 жүк тиегіш, 8 МТЗ-82, 3 ассенизатор, 2 УАЗ дайындыққа келтірілді, бюджеттен 20 млн 70 мың теңге бөлінді, — деп хабарлады Ойыл ауданының әкімдігі.
2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық үшін 11 іс-шара қарастырылып, енгізілді. Қазіргі таңда 6 іс-шара орындалды, бесеуінде жұмыс жүріп жатыр.

Олар:
— Қаратал ауылына және Ойылға кірберіс жолдарды ағымдағы жөндеу;
— Ойыл ауылына кіреберіс көпірін реконструкциялау;
— Қаратал және Ақкемер ауылдарында жағалауды нығайту, қорғаныс бөгетін салу.
Ойылда 6 гидротехникалық құрылыс («Қазсушар» РММ меншігіндегі «Тамдыкөл», «Қиыл-Тассай», «Жекендісай» және коммуналдық меншіктегі «Мұқан», «Күб», «Батпақты») орналасқан.
Биыл «Қазсушар» меншігіндегі гидротехникалық құрылыстар жөнделеді. Арасында былтырғы су тасқыны кезінде бұзылған гидротехникалық құрылыс бар.
— Ауданға қосымша мотопомпа, жанар-жағармай, қапшық, су тасқынына арналған резіңке етіктер, қайық тіркемелері, құтқару кеудешелері алу, инертті материал қорын жасақтау және эвакуациялық пунктерге төсек-орындар алу жұмыстарын қосымша жүргізу жоспарланды. Сонымен қатар Ойыл, Қиыл өзендері бойында мұз жару жұмысы жүргізіледі. «Темиртау-Бур» ЖШС-мен келісім жасау жоспарланып отыр. Ал Ақкемер, Қаратал ауылдарын судан қорғау мақсатында салынған бөгеттер толықтай аяқталды, — деп хабарлады Ойыл аудандық әкімдігі.

Бөгеттер салынып, су бұру шаралары жасалды — Ырғыз ауданы
Былтыр су тасқыны кезінде Ырғызда Нұра ауылы түгел су астында қалып, ауыл Сарыоба жеріне көшірілді. Тасқыннан соң аудан бойынша барлығы 120 үй салуға шешім қабылданған. Биыл мұнда бөгеттерді нығайту, су бұру жұмысы жүргізілді.
— Ауданда 250 мың дана қапшық, 16 мотопомпа және техника дайындалды. Қыста ауылдарда қар шығару жұмысы жүріп жатыр. Өткен жылғы су тасқынын ескеріп, Ырғыз, Құтикөл, Белшер, Мамыр, Құйлыс, Жайсаңбай, Жаныс би, Аманкөл және Шеңбертал ауылдарында қорғаныс бөгеттерін тұрғызу және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа жазғы-күзгі кезеңдегі инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес су бұру шаралары орындалды, — деді Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәли.
Ақтөбеде 58 елдімекен қауіпті аумақта тұр — ТЖД
Ақтөбе облыстық әкімдігі мен облыстық ТЖД қазір көктемгі су тасқыны кезеңіне бірлесіп дайындалып жатыр.
Бөгет бекіту, жағалауды нығайту жұмысын төтенше жағдайлар қызметі қарап, кемшін тұсында ескерту береді. Қазіргі кезде 58 елдімекен қауіпті аумақта тұр. Онда 66 мыңнан астам адам тұрады.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, өзгелерге қарағанда 35 елдімекенде (6 097 үй, 31 202 адам) қауіп сақталған. Дайындыққа жергілікті бюджеттен 420 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Ал республикалық бюджет есебінен 4 жедел көлік, 2 жол талғамайтын көлік сатып алынды. Оған 396,4 млн теңге қаржы жұмсалды.
Биыл жоспар бойынша Елек, Ырғыз, Сағыз, Темір, Ойыл, Кенжалы, Үлкен Қобда, Ор өзендері және Шалқар көлінде мұз жару жұмысы жүргізіледі.

Су қоймаларынан су жіберіліп, көктемге дайындалды — Қазсушар
Ақтөбе облысында үш ірі су қоймасы бар: Ақтөбе, Қарғалы, Сазды. Үшеуі 410-415 млн текше метр су қабылдай алады.
Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы 245 млн текше метр болса, былтыр жөндеу жұмысы жүргізіліп, тек 50 млн текше метр су қалды. Сонымен бірге Сазды су қоймасы жөнделді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, қазір мұндағы судың нақты көлемі — 2,5 млн текше метр. Ал жобалық көлемі — 7,5 млн текше метр.
Ал Қарғалы су қоймасында биыл қайта жаңарту жұмыстары жасалады. Бөлінген 140 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасалынып жатыр.
Үш су қоймасында да көктемгі су тасқынына дайындық үшін инертті материалдар мен жанар-жағармай әзірленген, дизельді резервтік электрогенераторлар қондырылды.

Былтыр Ақтөбе облысы бойынша мыңнан астам үй тұруға жарамсыз болып қалды. Оның тең жартысы қайта салынса, тұрғындардың тең жартысы үй сатып алды.
Қазіргі кезде Ақтөбе қаласы мен 6 ауданда жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі сақтаулы. Су тасқынының салдары толық жойылмай, төтенше жағдай алынбайды. Бұл әкімдік жауабы.