Ақтөбе әуежайы екі аптаға жабылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе әуежайы екі аптаға уақытша жабылады. Әуежайда ұшу-қону жолағы жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе әуежайындағы ұшу-қону алаңы зақымданып, басқарма төрағасы Дастан Малиев жөндеу жүргізілетінін айтқан болатын. Бүгін журналистер алдына шыққан облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров комиссия шешімін айтып берді.

«Ақтөбеге арнайы комиссияның келгені белгілі. Азаматтық авиация комитеті, Әуе әкімшілігінің өкілдерімен бірге өзім де ұшу-қону жолағын қарап шықтым. Жалпы ұшу-қонау алаңының жағдайы орташа деңгейде. Ал Әуе әкімшілігі ұшу-қону жолағының кейбір бөлігі жарамсыз екенін айтты. Аз уақыттың ішінде бұру, басқару аумағына жөндеу жүргізілуі керек. Әуе компанияларының өкілдері жалпы ұшу алаңының қалыпты жағдайда екенін айтып отыр. Әзірге ұшу-қонуды жалғастыра береміз. Дегенмен біз жолаушылардың қауіпсіздігі маңызды екенін түсенеміз. Аз уақыттың ішінде жөндеуіміз керек. Ауа райы қалыпқа түскен кезде шамамен екі аптаға әуежайды жауып, жөндеу жүргіземіз. Алдағы уақытта бұл туралы қосымша хабарлаймыз», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров.

Айта кетейік, Ақтөбе әуежайын сенімгерлік басқаруға беру үшін байқау жарияланғаны белгілі. Дегенмен инвестор табылмаған.

«Алғашында сенімгерлік басқаруға бергіміз келді. Біріншіден, ел арасында көп пікірталас туды, екіншіден сенімгерлік басқаруға алатын инвестор табылмады. Инвестор алып, модернизация жасап, талапқа сай жаңартса дегенбіз. Ауа райына қарамастан кедергісіз ұшып-қонатын қосымша жолақ болса деген едік. Алайда 2024 жылға дейін әуежай мемлекет меншігінде қалады. Кейін сенімгерлік басқаруға беру мәселесі тағы қаралады», - деді Руслан Хамбаров.


Соңғы жаңалықтар