Ақтөбе қаласында биыл 470 интернет алаяқтық дерегі тіркелді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе қаласында 470 алаяқтық дерегі тіркелсе, көбіне әйелдер сан соғып қалған. Тергеу кезінде 61 қылмыстық іс ашылды.

Ақмолалықтардың ақшасын жымқырған алаяқтар сотталды
Фото: polisia.kz

Ақтөбе қалалық ПБ тергеу бөлімінің бастығы Галина Стырличук интернет алаяқтығы дерегі азайғанын хабарлады. Дегенмен қала бойынша 470 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Қазіргі кезде 61 қылмыстық іс ашылды. 

- Интернет алаяқтарына көбіне әйелдер алданады. Қалада 382 әйел жәбірленуші тіркелді. Оның ішінде жұмыс істемейтіні, зейнеткері де бар. Түрлі тауар сату-сатып алу, көлік сату-сатып алу сайттарымен бірге әлеуметтік желіде де көп алданады. Адамдар сатушының кім екеніне мән бермей-ақ сатып алуға асығады, ақшасын аудара салады. Содан кейін бізге келіп, арыз жазады. Жәбірленіші сол күні-ақ арыз жазуы тиіс. Ерте айтса, біз де тез анықтай аламыз. Кейде есепшот нөмірін айтып, банкке хабарласып, ақшаны бұғаттап қоямыз,- деді Галина Стырличук.

Оның айтуынша, қазір белгілі бір мекеме басшысының нөмірінен хабарлама жазып, ҰҚК қызметкерлері хабарласатынын, қажетті ақпаратты дер кезінде беру керек екенін айтады. Сол кезде жәбірленуші басшысына хабарласпайды, керісінше іле-шала телефон шалған адамға құпия мәліметтерді береді. 

- Алаяқтар ақпарат алған бойда несие рәсімдеп жібереді. Кейбірі есепшотындағы бар ақшасынан айырылады. Мұндай 13 дерек тіркелді,- деді Ақтөбе қалалық ПБ тергеу бөлімінің бастығы. 

Айта кетейік, биыл 4 қала тұрғыны алаяқтардан 3 млн теңге ақшасын қайтарып алды. 

Еске салсақ, былтыр өңірде мыңнан астам интернет алаяқтығы дерегі тіркелді

Соңғы жаңалықтар