Ақтөбе қаласында кейбір көпқабатты үйлер жылыту маусымына дайын емес
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Көпқабатты үйлер дайындық паспортын алуы тиіс. Ол үшін коммуналдық мекеме «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп тұр.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір облыс орталығында 2100 көпқабатты үй бар. Үйлер пәтер иелерінің кооперативі, қызмет көрсету компаниясы, мүлік иелерінің бірлестігі және қарапайым серіктестік арқылы басқарылады.
— Бүгінгі күні пәтер иелері кооперативі 49 көппәтерлі тұрғын үйдің жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Сонымен бірге 17 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, жұмыс қолға алынды. Үйге ортақ жылу желісі жөнделгенімен пәтер иелері ішкі құбырларды ауыстырмайды немесе диаметрі кішкентай пластик құбыр қойып алады. Оның бәрі жылудың теңдей берілуіне кедергі. Пәтердің ішіндегі жылу жүйесін өзгертіп, балконды қосып қояды. Бұдан өзге көрші пәтерлерге жылу жетпей, қыста қиналады. Қазірден бастап осы жағдайларды тұрғындарға ескертіп жатырмыз, — деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Ақнұр Қазбаева.
Ақтөбе қаласы бойынша кейбір көпқабатты үйдің басқарушылары жұмысты толық атқара алмай отыр. Мәселен «Илек» тұтынушы кооперативінің басқаруында 11 үй болса, оның екеуі қысқа әзір емес. Сонымен бірге «Мерей-Е» ПИК-нің басқаруындағы 10 үйдің үшеуінде жиі қиындық туындайды.
— Қыста осы үй тұрғындары тарапынан бірнеше шағым түскен болатын. Үй басқарушыларына осы мәселелермен тез арада айналысу туралы ескертілді, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде қаладағы коммуналдық мекемелер қысқа дайындық туралы құжат алу үшін «бір терезе» қағидатын іске қосты. Үй басқарушылары телефон шалып, онлайн да мамандарды шақырып, тексертіп алуға болады. Жылпы Ақтөбе қаласында биыл 6 шақырым жылу желісін жаңарту жоспарланған. Оған 890 млн теңге жұмсалады.
Еске салсақ, Ақтөбе жылу электр орталығы биыл 13 қазандықты жөндейді. Оның 7-інде жұмыс аяқталды. Сонымен бірге 6 турбоагрегаттың 4-і жөнделді.