Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердің көбінде жылыту маусымына қажетті дайындық актісі жоқ
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында 1538 көпқабатты үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Қазір оның небәрі 240-ы дайындық актісін алды.
Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 1874 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 1538-і орталықтандырылған жылыту қазандығына қосылған. Ал 336-ы қаланың Алтын орда шағын ауданында орналасқан. Мұндағы жылыту жүйесі — автономды. Яғни, әр пәтердің ішінде газ құрылғысы бар. Сонымен қатар 100 шағын қазандық орналасқан.
— Барлық 100 қазандықты өзіміздің тарапымыздан қарап шықтық. Оның алтауында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тағы екі үй бойынша жөндеу жүргізіліп жатыр. Жылыту маусымы аяқталғаннан бастап «Aqtobe su-energy group» АҚ-ы мамандарымен бірге қыста болған арыз-шағым бойынша тексеру жүргізілді. Жертөлесі қаралды, ақау шыққан пәтерлер тексерілді. ПИК төрағаларына ұйымдастыру үшін ұйғарым берілді, — деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазбаева.
Ақтөбе қаласы бойынша 428 тұрғын үй төрағасы дайындық актісін алуға өтініш берген. Тек 240-ы ғана акт алған. Дайындық кезінде «Aqtobe su-energy group» АҚ-ы мамандары барады, гидравликалық сынақ жүргізеді. Құбырлар қысымға шыдаса, дайындық актісін береді.
— Қазір басқару органы бар үйдің ұйымдастырушыларына хабарласып, түсіндіріп жатырмыз. Тұрғындар қарсы болса, мамандар шығып түсіндіреді. Ал автономды жылыту құрылғысын жеке пәтер иелерінің өздері тексереді, өздері ауыстырады. Қыста салқын болған пәтерлерді қараған кезде көбі балконды бөлмеге қосып алған, жылы еден қондырған болып шықты. Жүйені өзгертуге болмайды. Пәтердегі тік құбырларды да ауыстыру керек, — деді Ақнұр Қазбаева.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде 20 көпқабатты үйдің басқарушысы болмады. Оларға ПИК төрағасы бектіліп жатыр.