Ақтөбе облысында құдыққа құлаған қыз бен оны құтқармақ болған ер адам қаза тапты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — 17 маусымда Байғанин ауданына қарасты Көлтабан ауылдық округіндегі Жарлы ауылында, үй ауласында орналасқан тереңдігі шамамен 10 метр, қоқысқа толы құдыққа 9 жастағы қыз бала құлап кеткен. Балақайды құтқармақ болған 1987 жылы туған ер адам құдыққа түскен, алайда қайта шыға алмаған, деп хабарлады Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Құтқарушылардың көмегімен бала мен ер адам құдықтан ес-түссіз күйде шығарылды.
– Бұл екі үйге ортақ ескі құдық. Аузын ағашпен ескі покрышкамен жауып бастырып қойған. 2-3 бала тығылып ойнап жүрген кезде қыз бала құдыққа түсіп кеткен. Құдық шамамен 10 метр, ескі пайдаланылмайтын құдық. Ішіне қоқыс салатын болған, – деді Жарлы ауылының әкімдігінен.
Сол кезде көмекке көршісі Нұрбол Бердіғалиев келіп, құдыққа түсті. Бірақ құдық түбіндегі иістен уланып екеуін де құтқарушылар шығарып алған.
– Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетті, алайда көрсетілген шараларға қарамастан, екеуі де көз жұмды, – деп нақтылады департамент.
Еске сала кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында құдыққа құлаған сәби көз жұмғанын жазған едік.