Ақтөбе облысында ішімдіктен бас тартқан 33 ауыл бар

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 33 ауыл ішімдіктен бас тартқан болса, кейінгі кезде оның 26-сында қылмыс тіркелмеген.

Ақтөбе облысында ішімдіктен бас тартқан 33 ауыл бар
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық ПД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірде 12 аудан болса, ішімдіктен бас тартқан ауылдар соның 9-ында бар. Көбі Темір ауданында. Мұнда Қайыңды, Бабатай, Шибұлақ, Ақсай, Бірлік, Шығырлы, Ащысай атты 7 ауылда ішімдік сатылмайды. Сонымен бірге Мұғалжар ауданының Саға, Қайыңды, Құмсай, Бұлақты, Қаракөл, Ащысай ауылдары, Байғаниннің Жыңғылтытоғай, Ақтам, Айрық, Көптоғай, Шұқырши және Шалқар ауданының Шетырғыз, Жаңақоныс, Қопасор, Тұмалыкөл, Қаңбақты ауылдары осы тізімге кірген.

- Ойылдың Қаракөл, Құбасай, Қарасу, Әйтеке би ауданының Сарат, Ұшқатты ауылдары, Ырғыздың Қарасай, Белшер және Қобда аудандарының Жарық, Бұлақ, Алға ауданының Бесқопа ауылын атауға болады. Ауылдарда криминогендік ахуал түбегейлі өзгерді. Өңірдегі 33 елді мекеннің 26-сында соңғы жылдары қылмыс мүлде тіркелмеді. Мысалы, Әйтеке би, Байғанин, Темір және Қобда аудандарының ішімдік сатылмайтын ауылдарында соңғы 5 жылдың ішінде бірде-бір қылмыс болмады. Мұндай қауіпсіз елді мекендер қатарында Ойыл ауданының Құбасай және Шалқардың Шетырғыз ауылдары да бар, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Жетісай ауданы, Мақталы ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылында ішімдік сатылмайды. Сондай-ақ, соңғы 5 жылда мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. 

Соңғы жаңалықтар