Ақтөбе облысында су тасқыны ахуалы тұрақталды, қауіп сейілді — Асхат Шахаров

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазіргі сәтте рекордтық көрсеткіште су қабылдаған су қоймаларындағы ағыс бәсеңдеді. Ақтөбе өңірінде су тасқыны ахуалы тұрақталды, қауіп сейілді деп айтуға толық негіз бар. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың бейнеүндеуінде осылай деді.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өз бейнеүндеуін жариялады. Ол өңір бойынша тек Ырғыз ауданы ғана тәуекел аймағында тұрғанын айтты. 

— Ақтөбе өңірінде су тасқыны ахуалы тұрақталды, қауіп сейілді деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі сәтте рекордтық көрсеткіште су қабылдаған су қоймаларындағы ағыс бәсеңдеді. Біз бұрынғы қалыпты өмірімізге оралып жатырмыз. Тек қана Ырғыз ауданы тәуекел аймағында. жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар департаменті Торғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен Нұра және Мамыр ауылдарында бөгеттерді нығайту үшін қосымша техникалар жұмылдырды. Бұл аталған елді мекендерді су басудан қорғау мақсатында жасалды, — деді Асхат Шахаров.

Ақтөбе облысының әкімі өз үндеуінде ендігі жұмыс тасқын салдарын жоюға бағытталатынын айтты. Қазір облыста біржолғы төлем беріліп жатыр. 

— Біздің алдымызда тұрған басты міндет — су тасқынының салдарын жою. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына тиісті көмек берілуде. Біржолғы әлеуметтік төлемді беру 6 сәуірден басталды. Баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа тұрғын үй салынады. Жапа шеккен мал, бүлінген мүлік, шығындарды есептеп, өтемақы төлейтін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қабылданған 3000-ға жуық өтініштің көп бөлігі қаралып, бағалау жүргізілуде. Кешегіде өткен облыстық мәслихаттың сессиясында су тасқынының салдарын жою үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бекітілді. Бұл қаражат өңір тұрғындарына біржолғы төлем және өтемақы беру үшін жұмсалады, — деді Асхат Шахаров. 

Айта кетейік, өңірде су тасқыны кезеңі 24 наурыз күні басталды. Барлығы 6 аудан мен Ақтөбе қаласында төтенше жағдай енгізілді.