Ақтөбе облысында жауын мен дауылдан кейін баспанасынан айырылған тұрғындар қоныс тойын тойлады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Байғанин ауданының орталығындағы Қарауылкелді ауылында 32 отбасына үйдің кілті табысталды. Тағы 42 үйдің құрылысы он күнде аяқталады.

Ақтөбе облысында жауын мен дауылдан кейін баспанасынан айырылған тұрғындар қоныс тойын тойлады
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қарауылкелді ауылында жаз бойы құрылыс, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде үйдің құрылысына қажетті қаржы облыс әкімдігінің резервінен бөлінді. Бүгінде 32 үй салынып, қолданысқа берілді. Мұнда инженерлік желілер тартылған. Үйде су мен газ бар.

Ақтөбе облысында жауын мен дауылдан кейін баспанасынан айырылған тұрғындар қоныс тойын тойлады
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

— Қатты дауыл тұрып, жауын жауған кезде не болғанын дұрыс түсінбей қалдық. Үйдің шатыры, есік-терезе қирады. Тек адам аман болғанына қуандық. Бүгінде жаңа баспанамыздың кілтін алып отырмыз және өте қуаныштымыз, — дейді Тұрсын Мәтекбаева.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, нөсер жауын мен дауыл кезінде 314 үй бүлінді. Оның ішінде 220 үйдің иесіне өтемақы төленіп, 74 үй жарамсыз болды.

Ақтөбе облысында жауын мен дауылдан кейін баспанасынан айырылған тұрғындар қоныс тойын тойлады
Фото:

Еске салсақ, табиғи сипаттағы төтеше жағдай кезінде бүлінген 9 әлеуметтік нысанда жөндеу жұмысы жүргізілді. Мектептер мен балабақшалар 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілді. 

Қазір спорт кешенінде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Сонымен бірге 28 кәсіпкерлік нысанның шығынын өтеу үшін облыс резервінен қаржы бөлінді.