Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 82%-ға жеткізілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жол саласына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, өңірдің транзиттік маңызын атап өтті.

Еліміздің республикалық автожолдарында қауіпсіздік күшейтіліп келеді
Фото: ҚР Көлік министрлігі

- Ақтөбе облысы географиялық тұрғыдан алғанда үлкен транзиттік әлеуетке ие. Сондықтан жол сапасы – тұрғындардың үнемі назарында, – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, биыл жол саласындағы 186 жобаға шамамен 68 млрд теңге қаржы бағытталған.

- Бұл қаражатқа жергілікті маңызы бар жолдар, қалалық және ауылдарға кіреберіс, сондай-ақ ауылішілік жолдар жөнделіп жатыр, – деді Шахаров.

Әкімнің сөзінше, жыл соңына дейін нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 82%-ға жеткізілмек.

- Биыл өңірде жалпы 565 шақырым жол жабындысы салынды, оның ішінде 371,8 шақырымы – асфальт. Ақтөбе қаласы да назардан тыс қалмайды. Жыл соңына дейін 35 жоба немесе 67 шақырым көше-желісі нормативке келтіріледі. Бұл – облыс орталығындағы 150-ден астам көшені қамтиды, – деді ол.

Сондай-ақ халықаралық маңызы бар автожолдағы қайта жаңғырту жұмыстарына тоқталды.

- Ақтөбе-Ұлғайсын бағыты бойынша 262 шақырым жолда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл Ақтөбе-Хромтау учаскесінде 28 шақырым жөнделіп, жаңа көпірмен бірге 4 жолақты жолдың екі жолағы қозғалысқа ашылды. Сонымен қатар «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» автожолында орташа жөндеу жалғасып жатыр. Биыл жоспарланған 110 шақырым толық аяқталып, пайдалануға берілді, – деді Асхат Шахаров.

Айта кетейік, биыл республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту шаралары іске асырылып жатыр. Негізгі назар трассаларды жаңғыртуға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Бұған дейін Ақтөбе облысының экономикасына 892 млрд теңге инвестиция салынғанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум