Ақтөбе облысында жол апаты кезінде дәрігер көз жұмды, баласы өз-өзіне қол жұмсады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Оқиғи 23 қараша күні Мұғалжар ауданында болды. Дәрігер рөлге ие бола алмай аударылған, ал баласы сол күні суицид жасады.
Жол апаты Қандыағаш — Шалқар бағытындағы жолдың Жұрын кенті маңында болды.
— Renault автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне түсіп кетіп, аударылды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші әйел оқиға орнында көз жұмды. Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Мұғалжар аудандық ауруханасының ұжымы оториноларинголог дәрігер Назгүл Кантуренованың отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына көңіл айтты.
— Назгүл Мұратқызы өз ісіне адал, білімі мен тәжірибесі мол, кәсіби біліктілігі жоғары дәрігер болды. Ол бар ғұмырын адам денсаулығын сақтауға, науқастарға көмек көрсетуге арнады. Өзінің жауапкершілігімен, мейірімділігімен және адамгершілік қасиеттерімен әріптестерінің құрметіне, емделушілердің алғысына бөленді. Оның өмірден мезгілсіз озуы аурухана ұжымы үшін орны толмас ауыр қаза. Біз әріптесімізді білікті маман, ақжарқын жан және айналасына әрдайым қамқорлық таныта білген аяулы жан ретінде есте сақтаймыз, — деп жазды Мұғалжар аудандық ауруханасының ұжымы.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрігер бұл уақытта еңбек демалысында болған. Ал баласы сол күні-ақ өз-өзіне қол жұмсады. Бұл ақпаратты Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі растады.
Айта кетейік, 21 қараша күні Қарағанды орталығында төрт көлік соқтығысты. Жол апаты қарбалас уақытта Бұқар жырау даңғылында болған.