Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимаратының өрттен кейінгі шығыны анықталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Шығын көлемі - 90 млн теңге. Қазіргі кезде қалпына келтіру жұмысы басталды.

Акимат Актюбинской области после пожара
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимараты шатырындағы өрттің шығу себебі әлі нақты емес. Төтенше жағдайлар қызметі бұған дейін электр тогының қысқа тұйықталуы деген болжам жасады. Арада бір ай өткенде жөндеу жұмысы басталды.

- Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Тиісті сараптамалар, оның ішінде өрт-техникалық және электротехникалық сараптамалар тағайындалды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өрт сөндірілгеннен кейін орны тазартылып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталғанын хабарлаймыз. Алдын ала бағалау бойынша жалпы материалдық шығын шамамен 90 миллион теңге болды. Қалпына келтіру жұмыстары Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар резерві есебінен қаржыландырылды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жөндеу жұмыстарын мамандандырылған компания жүзеге асырады. Оған жұмысты тез әрі сапалы аяқтау тапсырылды.

Еске салсақ, 7-сәуір күні кешкілік Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимаратынан өрт шықты.

Өрт ауданы 300 шаршы метрді құрады. Ешкім зардап шеккен жоқ.

Бір күннен соң өрт электр тогының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін екені айтылды.