Ақтөбе облысында ақтүтек боранда жолда қалғандар құтқарылып жатыр
Қазір Ақтөбе облысында бораннан бірнеше бағытта жол жабық тұр. Полиция және Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері ескерту жасағанымен, кейбір тұрғындар жолға шығып кеткен. Салдарынан құтқару жұмыстарын жүргізуге тура келді. Ал Мұғалжар ауданында жол жабылған сәтте жүкті келіншектің толғағы басталып кеткен.
«Бүгін сағат 11:45-те 112 құтқару қызметіне Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жарық ауылында жүкті әйелдің ауырып жатқаны белгілі болды. Ол кезде ауылға барар-шығар жол жабылған еді. Мұнда жол талғамайтын Трэкол көлігі жіберіліп, жүкті келіншек Мұғалжар ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.
Сонымен бірге Батыс Қытай – Батыс Еуропа тасжолы бойындағы Саржансай ауылы маңында «Toyota Camry» маркалы автокөлік жолдан шығып кеткен. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 3 адам «Нұр» кемпингіне жеткізілді. Ал Самара – Шымкент тас жолының 830 шақырымында «ВАЗ-2106» маркалы жеңіл автокөлік бұзылып қалған. Құтқарушылар көмегімен 4 адам «Шерхан» кемпингіне жеткізілді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінен.
Сонымен бірге өзбекстандық және тәжікстандық азаматтар мінген автобус жолаушыларына көмек көрсетілді. Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылы маңында «VAN Hool» маркалы автобустың жолаушылары құтқарылды. Онда қазақстандық екі жүргізушіні қосқанда 110 адам болған. Бәрі ауылдық мешітке, спорт мектебіне орналастырылды. Ешкім медициналық көмекке мұқтаж емес.
Фото, видео: облыстық ТЖД баспасөз қызметі.