Ақтөбе облысында газ зауытындағы өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының Жаңажол кен орнында газ зауытында болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов оқиға орнына барып, жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Жаңажол кен орнына барды. Онда жиын өткізіп, тексеру жүргізуді тапсырды.

«Өрт сөндірілді, оның салдарын тексеру керек. Қылмыстық істі тергеу кезінде әрбір жұмысшы қызметін тексеріп, тұжырым жасалуы тиіс. Болашақта мұндай жағдай болмас үшін жол картасы жасалуы керек», - деді Ералы Тоғжанов.

Оқиға орнында жүрген облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев мән-жайды тағы бір рет баяндады.

«Семсер» ЖШС-нің өрт сөндірушілері оқиға орнына 3 минуттың ішінде жетті. Оның ішінде 4 техника, 20 адам. Олар өрттің шығу себептерін анықтамас бұрын гидранттарға көліктерді қойып, оларды суыту жұмыстарын бастады. Облыстық ТЖД-ға хабар келгеннен кейін Мұғалжар, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласынан техника жіберілді. Өзіміз тікұшақпен сағат 05:00-де ұшып келдік. Өрт таңғы сағат 06:20-да толық сөндірілді. Қазір себептері анықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды. Біріншіден, күйік шалған адамдардың сауығып кетуін тілейміз. Солар арқылы өрттің шығу себебі анықталады»,- деді облыстық ТЖД бастығы.

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтің хабарлауынша, өрт кезінде күйік шалған төрт науқас қазір Кеңқияқ ауылдық ауруханасында ем қабылдап жатыр. 32 жастағы М.Исаевтің денесін, 52 жастағы М.Қуаншалиевтің беті мен иығын, 56 жастағы Р.Рысбековтің денесін, 53 жастағы Б.Қойшеновтің қолын екінші және үшінші дәрежеде күйік шалған. Дәрігерлер оларды қалаға жеткізу жайын қарастырып жатыр.


Соңғы жаңалықтар