Ақтөбе соты кісі өліміне қатысты істі екі рет қарады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Сот тергеуі кезінде қылмыстық процесуалдық заңнама бұзылған. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шылым сұрағаны үшін пойыз бастығын өлтірген сотталушыны бұл жолы да 20 жылға бас бостандығынан айырды.

Ақтөбе соты кісі өліміне қатысты істі екі рет қарады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 28 жастағы ақтөбелікке үкім шықты. Сотталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

- Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. 2025 жылдың мамыр айындағы сот үкімінің өтелмеген бөлігін қоса есептеп, түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтесін. Жәбірленушінің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, 15 млн теңге моральдық шығыны және заңды өкілге 800 мың теңге өтелсін,- деді судья А. Сабыров.

Сонымен бірге судья сот тергеуі кезінде қылмыстық процесуалдық заңнаманың бұзылғанын айтты.

Сот үкімі кезінде Ақтөбе облыстық ПД бастығы мен Ақтөбе облысы прокурорына жеке қаулы шығарды. Себебі сотталушы бұған дейін ұрлық жасағаны үшін алдымен шартты жазаға тартылып, кейін бас бостандығынан айырылған. Полиция сот үкімін орындамаған, ал прокурор сот үкімінің орындалуын қадағаламаған. Салдарынан сотталушы тағы қылмыс жасап, кісі өлтіргені үшін сотталды.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында пойыз бастығының өліміне қатысты істің үкімі шықты.

Дәл осы іс үш айға жуық уақыт ішінде қайта қаралып тұр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтыр жаз айында жолаушылар пойызының Ақтөбе учаскесіндегі бастығын қаланың ескі бөлігінде өлтіріп кетті. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні бірден ұстады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум