Ақтөбеде 200-ден астам жазасын өтеуші рақымшылыққа ілігеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Рақымшылыққа іліккен сотталғандардың бір бөлігі бостандыққа шықса, бір бөлігінің жазасы қысқарады.

Ақтөбе облысында қазір 1300-ден астам сотталған жазасын өтіп отыр. Олардың 227-і рақымшылыққа ілігеді.
— Барлығы 150 сотталғанның негізгі жазасы қысқарып, 77 сотталған бостандыққа шығады. Оның ішінде 7 әйел бар. Облыстық ҚАЖ департаменті қажетті құжаттарды жинау және сот органдарына жолдау бойынша тиісті жұмыс істеп жатыр. Сот шешімі шыққан соң жұмысқа орналастыру, медициналық жәрдем, құжаттарды рәсімдеу секілді көмек көрсетіледі, — деді Ақтөбе облыстық ҚАЖД бас маманының міндетін атқарушы Бекзат Ағыбаев.
Еске салсақ, 23-маусым күні Президент рақымшылық туралы заңға қол қойды. Кеше рақымшылық жасау туралы заңы аясында алғашқы сотталушы бостандыққа шықты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады. Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам бостандыққа шығады. Одан бөлек, депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы бір жыл қалған, оң мінездемесі бар 1 700-ден астам сотталғанның босап шығуы көзделген.